Бейбітшілік маршы Женевада ядролық қарусыздануға үндеді

Марш таңғы сағат 08:29-да басталып, қатысушылар 8 шақырым 290 метр жол жүріп өтті. Бұл сандар 29 тамызды меңзейді. 

Дәл осы күн Қазақстанның бастамасымен 2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні болып жарияланған.

Талғат Ашетов, ҚР Женевадағы БҰҰ бөліміндегі тұрақты өкілінің орынбасары:

- Бүгінгі акция ядролық сынақтарды толық тоқтатып, ядролық қарудан азат әлем құру үшін күш-жігерді біріктіруді көздейді.

Алин Варэ, «Ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау жөніндегі парламентшілер» ұйымының өкілі:

- Қазақстандағы ядролық полигонның қасіретті тәжірибесі – бұл қарудың зардабын білмегеннің салдары. Ядролық қаруды кез келген жағдайда қолдану – адамзатқа жат әрекет. Бүгінде Қазақстан оны жою бағытында көш бастап келеді. Соның ішінде Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру бастамасын жүзеге асырды. Сондай-ақ Қазақстан бұл жөніндегі келіссөздерде де көшбасшы елдердің бірі.

Қазақстан үшін бұл күннің тарихи маңызы ерекше. 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық полигоны жабылды. Бүгінде еліміз антиядролық күн тәртібін халықаралық деңгейде ілгерілетуді жалғастырып келеді.

Крис Гийо, AwareNearth ұйымының негізін қалаушы:

- Бүгінгі мақсат – ядролық қарусыздану мәселесін ғана емес, адамзатқа төнетін барлық экзистенциялық қауіп-қатер туралы ашық бөлісу. Біздің ұйым осы мәселелер бойынша ақпараттандырумен айналысады. Әсіресе кейінгі ұрпаққа дұрыс мәлімет беру маңызды. Болашақта жарық көретін «Тұрақтылық» атты кітабымыздың бір бөлімі ядролық соғыс тақырыбына арналған. Сондықтан біз де бүгін осы шеруге арнайы қатысып отырмыз.

Женевадағы Бейбітшілік маршы Қазақстан мен БҰҰ-ның #StepUp4Disarmament – «Қарусыздану жолындағы нақты қадамдар» жаһандық бастамасының бір бөлігі. Акцияның негізгі мақсаты – ядролық сынақтардың зардабын ұмытпау және ядролық қарудан азат болашақ үшін күш-жігерді біріктіру.

Авторлары: Нұрбике Жігер, Жанат Эрнст

Сондай-ақ оқыңыз: