Қостанай облысында 118 адам қайтарымсыз грант алды

Биыл Қостанай облысында әлеуметтік осал топтағы 118 адам мемлекеттен қайтарымсыз грант алды. Қаржылай көмекке ие болғандар жеке кәсібін бастады.

Көбі мал сатып алып, төрт-түлікті көбейтпекші. Бау-бақша шаруашылығын дамытуға ден қойғандары бар.  Біразы тігін шеберханасы мен ағаш өңдеу цехын ашты.

Үшінші топтағы мүгедектігі бар Гүлнәр Кулачинская жылыжайында қияр өсіреді. Кәсібін кеңейту үшін былтыр бизнес-жоспар жасап , мемлекеттен қайтарымсыз грант алды.  Ол ақшаға жылыжайға қыста жылу беретін жабдықтар салып алған. Енді қысы-жазы өнім жинайды.  

Гүлнәр Кулачинская, кәсіпкер:

- Екі рет қияр өсіреміз, ал қыста жуа өсіреміз. Өзім қараймын, күйеуім көмектеседі. Балалар жұмыста, немерелерім көмектеседі.

Ал 4 баланың әкесі Талғат Досмұхамбетов төл өнерді табыс көзіне айналдырған. Ол ағаш өңдеп түрлі тұрмыстық бұйым жасайды. Биыл мемлекеттік грант есебінен лазерлі станок сатып алыпты.  Содан бері тапсырыс артып, табысы ұлғайған.

Талғат Досмұхамбетов, кәсіпкер:

- Егер көмек болмағанда, мен өз қаражатыма ала алмайтын едім. Лазерлі станоктар қымбат тұрады. Соның арқасында аз-аздан тапсырыс түсіп жатыр. Мынандай стол, бесік жасаймыз, кейін оны дүкендерге апарамыз.

Қайтарымсыз грант конкурсына құжат қабылдау  жылына  екі рет өтеді. Биыл жаз мезгілі облыс бойынша 150 өтініш түскен. Соның 118-і көмек қаржыға ие болды. 

Меңсұлу Ербұланова, Облыстық еңбек мобильділігі орталығы директорының м.а:

- Көбінесе мүгедектігі бар азаматтар, көпбалалы аналар және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар алады. Өйткені бұл ол жандарға өте жақсы мүмкіндік. Олар өз үйінде бизнесін аша алады.

Ал күзгі конкурсқа өңірге 85 мемлекеттік грант бөлініп отыр. Оған құжат қабылдау қыркүйек, қазан айлары басталады.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров

Сондай-ақ оқыңыз: