Қостанайда заңсыз несие берген екі азамат 579 млн теңгеден астам табыс тапқан

фото: depositphotos.com

Қостанайда мүлікті кепілге қойып, заңсыз микрокредит берген екі азамат сотталды. Олар осындай жолмен 579 млн теңгеден астам табыс тапқан, деп хабарлайды 24KZ.

Сотта Қостанайдың екі тұрғынына қатысты қылмыстық іс қаралды. Сот материалдарына сәйкес, олар 2024 жылдың қаңтарынан 2025 жылдың желтоқсанына дейін азаматтарға қарыз ақша берген.

Сотталушылар заңсыз қызметін жасыру үшін жалған мәмілелер жасап, жалған құжат айналымын пайдаланған. Осы кезеңде олар 1600-ден астам клиентке зергерлік бұйымдарды сақтауға қабылдау және өткізу қызметін көрсеткен. Заңсыз тапқан табысы 579 млн теңгеден асқан.

Сонымен қатар сотталушылардың бірі ақшаның шығу тегін жасырып, қосымша табыс табу мақсатында қаражатты депозиттік шоттарға орналастырған. Нәтижесінде ол 534 мың теңге көлемінде сыйақы алған.

Сот қылмыстың алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен жасалғанын ауырлататын мән-жай деп таныды. Жаза тағайындау кезінде сот олардың шын жүректен өкінгенін және кінәсін ішінара мойындағанын ескерді.

Сонымен қатар сотталушылардың бірінің асырауында мүгедектігі бар бала, екіншісінің кәмелетке толмаған баласы бар екені назарға алынды.

Сот үкімімен ер адамдардың бірі 2 жылға, екіншісі 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Олар жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің барынша төмен қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Бұдан бөлек, сотталғандарға 7 жыл бойы кәсіпкерлік және микрокаржылық қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз: