Қостанайда 1600-ден астам адамға қарыз беріп, 579 млн теңге тапқан екі адам сотталды

фото: depositphotos.com

Қостанай облысының екі тұрғыны лицензиясыз микроқаржы қызметін көрсетіп, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды 24KZ.

Тергеу мәліметінше, 2024-2025 жылдары олар төрт компанияның – «Союз-Костанай», «Экспресс Тенге», «Express Gold» және «Express.com» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің қызметін ұйымдастырған.

Компаниялар негізінен облыстың аудан орталықтары мен елді мекендерінде жұмыс істеген. Клиенттерге банктер мен басқа да қаржы ұйымдарына жүгінбей-ақ, зергерлік бұйымдарын кепілге қойып, ақша алу ұсынылған.

Алайда іс жүзінде клиенттерге мүлікті кепілге қою арқылы қарыз берілген. Қаражатты пайдаланғаны үшін күн сайын 0,4% мөлшерінде ақы алынған.

Бұл ретте клиенттермен жазбаша қарыз шарты жасалмаған. Мәмілелерді заңды комиссиялық қызмет ретінде көрсету үшін бірқатар ресми құжат пайдаланылған. Онда алынатын төлем тауарды сатуды кейінге қалдырғаны үшін комиссия немесе оны сақтағаны үшін ақы ретінде көрсетілген.

Екі жыл ішінде олардың қызметін 1 600-ден астам адам пайдаланған. Заңсыз кәсіптен түскен табыс 579 млн теңгеден асқан.

Сот екі азаматты да 2 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сондай-ақ мүлкі тәркіленді. Оның ішінде бес пәтер, үш автокөлік және екі жер учаскесі бар.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз: