Кентауда 33 көпқабатты үйдің ауласын абаттандыру жоспарланды
Кентау қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің ауласы абаттандырылып жатыр. Себебі кейбір үйлердің аулалары әбден ескіріп, балалар ойын алаңдары тозған.
Қазір бірнеше аулаға заманауи шағын футбол алаңдары салынып жатыр. Одан бөлек, әткеншек, сырғанақ, спорттық алаңдар мен жаттығу құрылғылары орнатылуда.
Гүлайым Нахипова Кентау қаласында 15 жылдан бері тұрады. Содан бері ауламыз жаңарған емес дейді зейнеткер. Тіпті бұған дейін бұл аулада балалар ойын алаңшасы да болмапты.
Гүлайым Нахипова, қала тұрғыны:
- Ойын алаңы деген болмаған. Мінекей, қазір ойын алаңын салып берді. Бес немерем бар, бесеуі де күнде шығып, тек қана менікі ғана емес, барлық осы жердегі бала-шағалардың бәрі қуанып, ойнап жатыр. Үлкен рахметімізді айтамыз. Тазарып қалды. Дами берсін, өркендей берін, Кентауым!
Ал Кентаудың байырғы тұрғыны Диара Нұрышева аулалар бұрыннан абаттандыруды қажет ететінін айтады. Ойын алаңдарын айтпағанда, үлкендер тізе бүгетін орындықтар да болмады дейді. Ішкі жолдар ескіріп, аулада көлік қоятын да орын болмапты. Енді аулалары абаттандырылып, жаңарып жатқанына қуанышты.
Диара Нұрышева, қала тұрғыны:
- Шүкір, қазір отыратын беседка салып берді. Көлік қоятын жеріміз жоқ еді, парковка да жасап берді. Асфальт төселіп жатыр. Балаларға ойын алаңын жасап, айналаны көгалдандырып жатыр. Гүл отырғызатын орындарды да жасап беріп жатыр. Рақмет!
Екі жылда Кентау қаласы бойынша 33 көпқабатты тұрғын үйдің ауласын абаттандыру жоспарланған. Биыл облыстық бюджеттен 500 млн теңге бөлініп, 8 аула жаңартылуда. Қазір жұмыстың ауқымды бөлігі аяқталған.
Нұрмұхамед Асан, учаске басшысы:
- Біз жаяу жүргіншілер жолын, беседкаларды, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін, футбол және балалар ойын алаңдарын, спорттық элементтерді, барбекю орындарын орнатамыз. Қалған жұмыстарды келесі жылы, яғни 2027 жылдың аяғына дейін аяқтаймыз. Бұл жоба 2027 жылға өтпелі.
Сонымен қатар аулаларды кешенді көріктендіру жұмыстары да жүзеге асырылып жатыр. Қала әкімі Жандос Тасов бұл жұмыстар тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыру мақсатында жасалып жатқанын жеткізді.
Жандос Тасов, Кентау қаласының әкімі:
- Сонымен қатар біз жергілікті бюджет есебінен де қаланың шеткі аумақтарында 12 ойын алаңшасын салуды жоспарлап отырмыз. Ол да биылғы жылы атқарылады. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталып, келісім-шартқа тұру жұмыстары жүріп жатыр. Ол да осы қыркүйек айында толық аяқталатын болады.
Биыл Түркістан облыс бойынша 100-ден аса балалар ойын алаңы салынды. Күнделікті спортпен шұғылданатындар үшін заманауи жаттығу кешендері тұрғызылды.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Абуов