Қазақстанда медиациямен реттелген азаматтық істер саны 29 пайызға артты
Сізге қарызыңызды қайтармай жүр, жұмыс берушімен, бұрынғы жұбайыңызбен, туысыңызбен немесе іскерлік серіктесіңізбен дау туындады делік… Бірінші ой – сотқа жүгіну. Медиация не береді, ол қандай дауларда қолданылуы мүмкін және іс сотқа жетіп қойған жағдайда не істеуге болады? Бұл туралы судья, медиация тренері, сарапшы Динара Құйқабаева айтып берді, деп хабарлайды «24KZ».
Қазақстандықтар бұл тетікті барған сайын белсенді пайдаланып келеді. Тек 2026 жылдың бірінші тоқсанында медиация тәртібімен 60 029 азаматтық іс реттелді. Тағы 5 573 іс татуласу келісімімен, 70 іс партисипативтік рәсім тәртібімен аяқталды. Жалпы алғанда, татуластыру рәсімдерінің арқасында 65 672 азаматтық іс аяқталды – бұл келіп түскен азаматтық талап-арыздар мен өтініштердің жалпы санының шамамен 13%-ы.
Салыстыру үшін: 2024 жылы медиация арқылы 79 809 азаматтық іс реттелсе, 2025 жылы олардың саны 102 844-ке жетті, яғни шамамен 29%-ға артты.
Медиация – бейтарап делдал – медиатордың қатысуымен дауды шешу тәсілі. Соттан айырмашылығы, медиатор кімнің дұрыс екенін анықтамайды және жанжалға қатысушылардың орнына шешім қабылдамайды. Оның міндеті – тараптарға өздері үшін қолайлы шешім табуға көмектесу. Медиация отбасылық, еңбек, мүліктік және басқа да азаматтық-құқықтық дауларда қолданылуы мүмкін, – деп түсіндіреді судья.
Көп жылғы сот тәжірибесінде Динара Куйкабаева бірнеше айға созылған сот талқылауларынан кейін тараптардың ақырында талап арыз бермей тұрып-ақ қол жеткізуге болатын келісімдерге келген жағдайларды талай рет көрген.
Айырмашылығы – бұл уақытқа дейін адамдар сот шығындарын көтеріп, уақытын және эмоциялық ресурстарын жұмсап қояды, ал кейде бір-бірімен конструктивті қарым-қатынас жасау мүмкіндігін біржола жоғалтады. Тараптардың жылдар бойы соттасып, кейін жанжал жолына түскеніне өздері өкінетін жағдайлар да болады, – дейді судья.
Бұл ретте сот заң талаптарымен және талап қою нысанасымен шектеледі. Медиация мәселелердің анағұрлым кең ауқымын талқылауға мүмкіндік береді: тараптардың қаржылық мүмкіндіктерін ескеруге, міндеттемелерді орындау тәртібі мен мерзімдерін келісуге, алдағы қарым-қатынастарын назарға алуға болады.
Сот шешімі құқықтық мәселеге нүкте қойғанымен, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа нүкте қоя алмайтын жанжалдар бар. Мысалы, бұрынғы ерлі-зайыптылар әлі талай жыл бойы баланы тәрбиелеуге бірге қатысуы керек, ал кәсіпкерлер үшін кейде іскерлік қарым-қатынасты толық бұзғаннан гөрі ынтымақтастықты сақтап қалған тиімдірек, – дейді Құйқабаева.
Оның айтуынша, талап қою талаптарының артында көбіне ұзақ уақыт бойы жиналған наразылық, реніш пен сенімсіздік жатады. Сот жанжалдың құқықтық бөлігін шеше алады, бірақ өздігінен адамдар арасындағы қарым-қатынасты қалпына келтіре алмайды. Сондықтан сот ісін жеңу мен жанжалды шын мәнінде шешу – әрдайым бір нәрсе емес.
Сотқа жүгінгеннен кейін де келісімге келу мүмкіндігі сақталады, – деп атап өтті судья. – Бастапқыда азаматтық іс татуластырушы судьяға түсуі мүмкін, ол он жұмыс күні ішінде тараптарға жанжалды ерікті түрде реттеуге көмектеседі. Бірақ іс мәні бойынша қаралып жатқан күннің өзінде сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін татуласу мүмкіндігі сақталады.
Куйкабаева судьялар үшін тараптарды татуластыру формалдылық немесе процестің жай ғана міндетті кезеңі емес екенін атап өтті. Бұл – адамдарға өзара қолайлы шешім тауып, сот шешімін шығармай-ақ жанжалға нүкте қоюға көмектесудің нақты мүмкіндігі.
Мәселен, өзі жұмыс істейтін Алматы қаласының Медеу аудандық сотында татуластыру рәсімдерін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Мұнда татуластырушы судьялар жұмыс істейді, сондай-ақ кәсіби медиаторлармен өзара іс-қимыл жолға қойылған.
Қазіргі заманғы сот барған сайын дауды шешетін төреші ғана емес, тараптарға бір-бірін естуге және екі жаққа да қолайлы шешім табуға көмектесетін алаң рөлін де атқарып келеді, – дейді сарапшы.
Әрине, істі міндетті түрде сотқа дейін жеткізудің қажеті жоқ. Егер жанжалды өз бетіңізше шешу мүмкін болмаса, екінші тарапқа талап арыз бермей тұрып-ақ медиаторға жүгінуді ұсынуға болады.
Медиация ерікті сипатта болады, сондықтан оны өткізу үшін екі тараптың да келісімі қажет. Егер келісім болса, тараптар медиаторды таңдап, медиация туралы жазбаша шарт жасасады.
Шарттар тараптардың міндеттемелері, оларды орындау тәртібі мен мерзімдері көрсетілген жазбаша келісімде бекітіледі. Сотқа дейін жасалған келісім азаматтық-құқықтық мәміле болып табылады. Егер тараптардың бірі оны орындамаса, екінші тарап сот арқылы қорғалуға құқылы. Ал егер келісімге сот процесі барысында қол жеткізілсе, оны сот белгіленген тәртіппен бекітеді.
Судья болып жұмыс істеген жылдар ішінде мен жеңіспен аяқталған әрбір сот процесі жанжалдың шешілгенін білдірмейтініне көз жеткіздім. Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін де текетірес жоғары тұрған сот сатыларында, атқарушылық іс жүргізуде, жаңа сот процестерінде немесе жай ғана адамдар арасындағы қарым-қатынаста жалғаса беретін жағдайлар аз емес. Сондықтан сот шешімінен гөрі адамдардың өзара келісімге келе білуі құнды, – деп қорытындылады Динара Құйқабаева.