Мас күйде төрт адамды қағып өлтірген әйел 9 жылға сотталды
Түркістан облысы Арыс қаласында болған ауыр жол-көлік оқиғасы бойынша сот үкімі шықты. Жаз мезгілінде қоғамды дүр сілкіндірген қайғылы оқиға салдарынан төрт адам қаза тапқан еді, деп хабарлайды «24KZ».
Апат кезінде 52 жастағы әйел алкогольді ішімдік ішкен күйінде жол талғамайтын көлікті жоғары жылдамдықпен басқарып, орындықта отырған адамдарды қағып кеткен. Соққының қаттылығы сонша, көлік жеке тұрғын үйдің қоршауына барып соғылған.
Қайғылы салдардан төрт адам, соның ішінде екі бала мен жүкті әйел оқиға орнында көз жұмды. Тағы екі адам ауыр жарақат алып, ауруханаға жатқызылды.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін сотталушы Бибінұр Ізбасарова кінәлі деп танылды. Оған көлік құралдарын басқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – деп үкім оқыды Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Марат Күздеубаев.
Сот отырысында әйел өз кінәсін толық мойындап, өкінетінін жеткізді. Ол кәмелетке толмаған мүгедек қызды тәрбиелеп отырғанын алға тартып, соттан жазасын жеңілдетуді сұраған. Сот бұл мән-жайды ескеріп, жазаны бір жылға кейінге қалдырды.
Алайда сот шешімімен кінәлі азаматша жазасын колонияға бірден барып өтемейтін болды. Марқұмдардың туыстары сот үкімімен мүлдем келіспейтінін жеткізді.