Қазақстанда 124 пойыз Starlink интернетімен қамтылады
Қазақстанда жолаушылар пойыздарындағы спутниктік интернет желісі кеңейтіледі. Қыркүйек айының соңына дейін Starlink жүйесін 124 пойызға орнату жоспарланып отыр, деп хабарлайды 24KZ Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Қазірдің өзінде 59 жолаушылар пойызы спутниктік интернетпен қамтылған. Олар 31 бағыт бойынша қатынайды. Жалпы 770-тен астам вагонда Starlink интернеті жұмыс істеп тұр.
Жоба аясында қыркүйек айының соңына дейін 50 бағыттағы 124 пойыздың 1 235 вагонын спутниктік интернетпен қамтамасыз ету көзделген.
Starlink пен OneWeb жүйелерін сынақтан өткізу жұмыстары 2025 жылы басталған. Алғашқы пилоттық жобалар Астана – Алматы, Астана – Өскемен, Астана – Бурабай, Астана – Семей және Алматы – Маңғыстау бағыттарында жүзеге асырылды.
Қазір спутниктік интернет Нұрлы жол – Алматы, Нұрлы жол – Өскемен, Нұрлы жол – Орал, Нұрлы жол – Петропавл, Алматы-2 – Өскемен, Қызылорда – Семей, Ақтөбе – Алматы-1 және басқа да бағыттарда қолжетімді.
Спутниктік арна арқылы интернет жылдамдығы секундына 100 Мбитке дейін жетеді. Бұл әсіресе ұялы байланыс нашар немесе мүлде қолжетімсіз теміржол учаскелерінде интернет пайдалануға мүмкіндік береді.
Жолаушылар үшін базалық тегін пакет қарастырылған. Оның аясында WhatsApp пен Telegram арқылы мәтіндік хабарламалар жіберуге болады. Ал басқа интернет-сервистерін пайдалану және қосымша трафик алу үшін ақылы тарифтік пакеттер ұсынылады.