Павлодар облысында картоп жинау науқаны басталды

Өңірде чипсы жасауға арналған элиталық сұрып та өсіріліп жатыр. Қытырлақ картоптың бұл түрін егу мен сақтау ерекше технологияны талап етеді. 

Бұл шаруашылық елде алғашқылардың бірі болып чипсы жасауға арналған картоп өсіруді қолға алды. Оның өсіру және сақтау тәсілі өзгеше. Мысалы, кәдімгі картоп 4 градус жылылықта сақталса, чипсыға арналған түрін 8 градуста сақтау қажет. Бұл түйнектегі қант мөлшерін қалыпты деңгейде ұстап тұрады. Сол кезде картоп қуырылғанда қараймай, қытырлақ болып шығады.

Сергей Тилинин, шаруа қожалығының басшысы:

- Бұл өнім қатаң бақылаудан өтеді. Тіпті генетикалық модификациясына дейін тексеріледі. Өсіру технологиясында қандайда бір ауытқу болса, өнім қабылданбайды. Биыл 600 гектарға өндірістік картоп, ал 100 гектарға чипсы жасауға арналған түрін ектік.

Қазір облыс аумағында картоп жинау науқаны қызды. Өнімнің басым бөлігі суармалы алқаптарда өсіріледі. Сондықтан шаруалар мол өнімнен үмітті. Былтыр облыс бойынша 1 млн тонна картоп жиналып, рекордтық көрсеткіш тіркелген.

Хамза Оразбеков, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Биылғы жылы картоп жинау алқабы 30 700 гектарды құрайды. Бүгінгі күні фермерлеріміз толық жинауға кірісті. Жеті мың гектардан аса бүгінгі күнге алынды. Жалпы өнім түсімі 340 центнер гектарынан құрап тұр.

Өңірдің картопқа деген жылдық қажеттілігі 75 мың тонна шамасында. Жиналған өнім заманауи қоймаларда сақталып, келесі маусымға дейін сапасын жоғалтпайды. Картоп 225 серіктес дүкенге, әлеуметтік сауда орындары мен ірі сауда желілеріне жеткізіледі. Бұл жерлерде баға үстемесі 15 пайыздан аспайды. Ал нарықтағы бағаны тұрақты ұстау үшін арнайы картоп қоры да жасақталады.

Ерқанат Әбенов, «Павлодар ӘКК» АҚ басқарма төрағасы:

- Ауыл шаруашылығы министрлігінің талаптарына сәйкес, 6 600 тоннадан астам көлемде сатып алу жүргізуіміз қажет. Оның 50 пайызы, яғни үш айлық тұтыну көлеміне арналған тұрақтандыру қорына 3 300 тонна өнім жинақталуы тиіс. Осы 3 300 тоннаға бізде келісімшарттар негізі бар. Сонымен қатар қолданыстағы келісімшарттарды жаңарту және кәсіпкерлермен жаңа келісімшарттарға қол қою жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Павлодар облысы – елдегі картоп өсіретін негізгі өңірлердің бірі. Республикада жиналатын картоптың үштен бірі осы өңірге тиесілі. Жергілікті өнім ірі қалаларға жеткізіліп, Ауғанстан, Өзбекстан және Ресейдің Алтай өлкесіне экспортталады. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков

Сондай-ақ оқыңыз: