Қарағандыда алма бақтары көбейіп келеді

Қарағандыда алма бағы пайда болды. Кеншілер қаласы «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жаңадан жасыл аймақтар құрып жатыр. Орталық саябақта қазірдің өзінде төрт мың жас алма ағашы өсіп тұр. Ал үш мыңға жуығы жаңа экобақты жерсініп үлгерген. Биыл күзде мұнда тағы бірнеше мың көшет егіледі.

Өнеркәсіптік қала үшін бұл серуендеу орны ғана емес, экологияны жақсартуға да үлкен сеп. Жасыл аймақтар қалай құрылады және Қарағандының қатал климатына қандай ағаштар төтеп бере алады? 

Қарағандының Орталық саябағында былтыр төрт мың жас алма ағашы егілді. Көшеттердің  90 пайызы тамырланып, жақсы жерсінген. Мамандардың айтуынша, бұл жақсы көрсеткіш. Мұнда жергілікті климатқа бейімделген үш түрлі алма ағашы егілген.

Байғозы Нұрсафин, бағбан:

-Бұл басқа талдай емес, алмаға әбден күтім керек. Күтпесең, бұл алма шықпайды. Өйткені жерсінеді, басқа жақтан әкелді сортын. Бір жыл болды осымен еңбектеніп жатырмыз. Осының жемісін көреміз ба деп.

Төрт мың көшетке күн сайын сегіз адамнан тұратын бригада күтім жасайды. Агрономмен бірге олар ағаштарды суарып, топырағын өңдейді, бұтақтарын кеседі. Осындай тұрақты күтімнің арқасында айнала қазірдің өзінде әдемі баққа айналған.

Сәкен Келдібаев, агроном:

- Әрбір ағаш мысалы  30 кг дейін алма береді. Бірақ біз бірінші жыл 20 кг дейін аламыз деп жоспарлап отырмыз. Сонда төрт мың алма ағашынан 80 тонна өнім аламыз деген сеніміміз бар. Сол ақталады деген үмітіміз бар. Қала тұрғындары бала-шағаларымен, немерелерімен жақсы демалып, осы арада таза ауа жұтып, серуендейтін жерге айналдырамыз ба деп  ойлаймыз.

Бағбандар ағаш күтіміне химиялық заттарды барынша аз қолдануға тырысады. Негізгі басымдық – экологиялық таза өнім өндіру. Болашақта бұл жер тек алма өсіретін орын ғана емес, серуендеуге арналған жасыл аумаққа айналады. Сондай-ақ қаланың Майқұдық пен Оңтүстік-Шығыс аралығындағы жаңа экобақты көгалдандыру жұмысы кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Мұнда көктемде емен, алма ағаштары, қарағай және қарағаш көшеттері егілді. Ағаштардың шамамен 80 пайызы жерсінген. Мамандардың айтуынша, өнеркәсіптік Қарағанды үшін мұндай жасыл аймақтардың құрылуы экологиялық ахуалды  жақсартуға үлкен сеп болады.

Дмитрий Калмыков, эколог:

-  Жаппай ағаштар егіледі. Кейін күтілмей қурап жататын жағдайлар болды. Ағаштарды уақытылы суару, өңдеу және зиянкестерден қорғау жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу қажет. Сонда ғана бұл жұмыс шынымен жақсы нәтиже беріп, қала жасыл желекке бөленеді.

Осы күзде жаңа экобаққа тағы бес мыңнан астам ағаш егу жоспарланып отыр. Жалпы биыл көктемде Қарағанды облысының қалалары мен аудандарында шамамен 60 мың көшет егілген. Бұл жұмыстар күзгі науқанда да жалғасын табады.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Аман Хамит

Сондай-ақ оқыңыз: