Павлодар облысында соңғы күндері бірнеше өрт болды

Баянауыл ауданының таулы аймағында болған тілсіз жаудың таралуына жол бермеу үшін үш учаске құрылып, жедел штаб жұмыс істеп жатыр. 

Дегенмен өрттің бетін қайтару оңайға соқпай тұр. Екпінді жел, таулы жер бедері мен жетуі қиын аумақтар жұмысқа кедергі келтіруде. Ал Павлодар маңындағы Ертіс өзенінің жайылмасында шыққан өрт шамамен 40 гектар шабындық алқапты шарпыған.

Баянауыл ұлттық паркі аумағында орман мен дала алқапқары жанып жатыр. Тілсіз жау күні кеше Қарағанды облысының Ақжар бөлімшесінде тұтанып, секундына 19 метрге дейін соққан екпінді желмен парк аумағына дейін жеткен. Өрт сөндірушілер түні бойы қызыл жалынмен күресті. Тікұшақ, ұлттық парктің өрт сөндіру жасағы мен барлық арнайы техникалары жұмылдырылды. 450 гектар аумақтағы өртті оқшаулау жұмыстары жалғасып жатыр.

Ал Ертіс өзенінің жайылмасында қазір адам да, техника да көп. Шаруалар жаз бойы шапқан шөбін тасымалдап жатыр. Жуырда бұл аумақтағы 40 гектар шабындық алқап отқа оранып, 100 орама шөп өртеніп кетті. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өртті сөндіруге 33 адам мен 11 техника жұмылдырылған. Әдетте Ертіс жайылмасындағы өрттің басым бөлігіне адам факторы себеп болады.

Оразбек Уәлиханов, ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:

- Облыс аумағында үш ірі өрт тіркелген. Дала өрттері Екібастұз, Баянауыл және Шарбақты аудандарында болған. Бұдан бөлек, 78 дала жануы орын алды. Олардың негізгі себептері — отпен абайсыз жұмыс істеу, темекі тұқылын сөндірмей тастау және құрғақ шөпті жағу кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау.

Өрттен тек жасыл желек емес, тұтас жануарлар әлемі де зардап шегеді. Алапат жалын олардың ұялары мен табиғи мекендерін жойып, тіршілік иелерін қауіпсіз жер іздеуге мәжбүр етеді. Сондықтан мамандар дала өртіне «құрғақ шөп жанды» деп жеңіл қарауға болмайтынын ескертеді. 

Аждар Жүсіпов, Орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы:

- Кез келген өрт салдарынан топырақтың үстіңгі құнарлы қабаты бұзылады. Жануарлар дүниесі де зардап шегеді. Мысалы, бізде құстар өте көп. Кешегі болған өрт кезінде қою түтінге уланған құстар бағдарынан айырылып, жерге құлап жатты. Ертістің қойнауын негізінен еліктер мекендейді. Бір топ еліктің орманға қарай жосып бара жатқанын көрдік. Қою түтінді еліктің жас төлдері көтере алмайды. 

Әрбір өрттің артында табиғатқа келетін үлкен экологиялық залал бар. Өрттен зардап шеккен табиғаттың қайта қалпына келуіне жылдар қажет болады. Тілсіз жаудың алдын алудың ең тиімді жолы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды талап етеді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков

Сондай-ақ оқыңыз: