Нысанды мерзімінде аяқтамаған құрылыс компаниясы жазаланады
Енді нысанды уақытылы тапсырмаған құрылыс компаниялары қатаң жазаланады. Бұрын олар заңдағы олқылықты пайдаланып жұмысты мерзімінде аяқтауға асықпайтын еді.
Жаңа ереже бойынша мердігер енді уақыт созып, жалтара алмайды.
Марат Мұстафаев былтыр жазда өз үйіне кіруі тиіс еді. Алайда қаржысын құйғанымен баспанасының босағасын аттай алмай жүр. Себебі құрылыс компаниясы нысанды тапсыратын уақытты бірнеше рет шегерген. Алдымен 2026 жылдың қаңтарында үйдің кілтін береміз деп сендірсе, кейін басқа мерзімді белгілеп отыр дейді үлескер.
Марат Мұстафаев, қала тұрғыны:
- Құрылыс алаңында қарқын мүлде жоқ. Құрылыс компаниясына хабарласу барысында бірінші кезек қазанның он бесі тапсырылады деді. Ол – тоғызыншы, сегізінші, алтыншы кіреберістер. Жарайды, оған да келістік. Алайда бүгінгі күнде өздеріңіз көріп тұрсыздар. Ол құрылыс айтылған мерзімде тапсырылмайды.
Дәл осы тұрғын үйдің құрылысы біткенін тағы 200-ден астам азамат күтіп жүр. Тіпті мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырып, арыз-шағым да тастаған.
Казымбек Асхатов, «Нұра» және «Сарыарқа» аудандарын инспекциялау жөніндегі бас маман:
- Ай сайын салымшылармен және құрылыс салушымен біздің басқармада жиналыс өткіземіз. Бүгінгі таңда осы аптаға белгіленді. Құрылыс салушымен хабарластық. Жиналыс өткізелід. Біз құрылыс бойынша мониторинг жүргізіп жатырмыз. Қазір кесте берілуі керек. Құрылыс алушымен қай уақытта қандай жұмыстар атқарылады. Сонымен ары қарай жұмыс жасаймыз.
Дегенмен салымшылар созбаққа салынған құрылыстың уақытылы бітетініне күмәнмен қарайды. Сондықтан мердігерге қатаң талап қойылғанын сұрап отыр. Ал салаға жауапты министрлік өкілдері нысандар уақытылы тапсырылуы үшін тиісті тетіктерді қолға алған. Үлескерлік құрылыс туралы заңға өзгеріс енгізілді.
Бақытжан Жүнісбеков, ҚР ӨҚМ Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасы:
- Бұрын Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заң бойынша нысанды пайдалануға беру мерзімін бірнеше рет ұзартуға мүмкіндік болды. Қазір бұл тәртіп өзгерді. Енді мерзімді тек бір рет, ең көп дегенде алты айға дейін ұзартуға болады.
Сондай-ақ үлескерлер келісімшартта көрсетілген мерзімнен кешіккен құрылысшыны сотқа беріп, өтемақы талап етуге құқылы. Жақында алматылық тұрғын баспанасын уақытылы бермеген компаниядан он жарым млн теңге өндіріп алды. Яғни жаңа механизмдер мердіргерлердің міндетін сапалы әрі уақытылы орындауына ықпал етпек.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Мадияр Қындыбаев