2027 жылдан бастап әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі өзгереді
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі өзгереді. Жаңа тәсіл мемлекеттік қолдауды отбасының нақты әлеуметтік жағдайы мен мұқтаждығын ескере отырып көрсетуге бағытталған. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Министрліктің мәліметінше, жаңа жүйенің негізгі қағидаты – атаулылық пен мұқтаждық. Яғни мемлекеттік қолдау, ең алдымен, оған шын мәнінде мұқтаж отбасыларға бағытталуы тиіс.
Кімдерге әлеуметтік төлем тағайындалмайды?
Жаңа тәртіп бойынша әлеуметтік саламаттылық деңгейі жоғары, «А» және «Б» санаттарына жатқызылған отбасыларға әлеуметтік төлемдер тағайындау көзделмейді.
Отбасының әлеуметтік саламаттылығын объективті бағалау кезінде оның кәмелетке толған барлық мүшелерінің деректері ескеріледі. Бағалау барысында отбасының табысы, еңбек қызметі, әлеуметтік төлемдері, тұрғын үй жағдайы, мүлкі, денсаулығы және білімі туралы мәліметтер қаралады.
Отбасының әлеуметтік саламаттылық деңгейі қалай бағаланады?
Бұл жұмыс Отбасының цифрлық картасы арқылы жүргізіледі. Қазіргі уақытта жүйеде 6,2 миллионнан астам отбасының шамамен 20 миллион мүшесі туралы мәлімет жинақталған.
Отбасының цифрлық картасы 30-ға жуық мемлекеттік органның ақпараттық жүйесімен біріктірілген. Мемлекеттік органдарда бар деректер негізінде жүйе отбасының әлеуметтік саламаттылық деңгейін автоматты түрде анықтайды.
Әдістеме бойынша отбасылар әлеуметтік саламаттылықтың жоғары деңгейінен экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал деңгейге дейінгі бес санаттың біріне жатқызылады. Министрліктің мәліметінше, әлеуметтік төлем тағайындалмайтын жоғары деңгейдегі санаттар – «А» және «Б».
Табысы жоғары отбасы не істей алады?
Егер әлеуметтік төлем алушының табысы жоғары деп анықталса, оған 1414 нөмірінен SMS-хабарлама жіберіледі. Хабарламада дербес деректерді, соның ішінде отбасының кәмелетке толған мүшелерінің деректерін өңдеуге келісім беру қажеттігі көрсетіледі.
Сонымен қатар табысы жоғары алушы әлеуметтік қолдау шараларынан өз еркімен бас тарта алады. Министрліктің түсіндіруінше, бұл мемлекеттік көмекті оған көбірек мұқтаж отбасыларға бағыттауға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік төлемдер қалай тағайындалады?
Егер жүйедегі деректер негізінде азаматтың белгілі бір мемлекеттік қолдау шарасын алуға құқығы бар екені анықталса, оған 1414 нөмірінен SMS-хабарлама жіберіледі. Азамат келісім бергеннен кейін мемлекеттік қызмет автоматты түрде рәсімделеді.
Қазіргі уақытта Отбасының цифрлық картасы арқылы жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 11 түріне өтініш беруге болады. Олардың қатарында бала тууына және оны күтуге байланысты төлемдер, жұмысынан немесе асыраушысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдер, мүгедектік бойынша жәрдемақылар және көпбалалы отбасыларға берілетін төлемдер бар.
Министрліктің мәліметінше, азаматтардың мемлекеттік қызмет алуға келісімін алу үшін 2 миллионнан астам SMS-хабарлама жіберілген. Ал проактивті форматта 935 мыңнан астам азаматқа мемлекеттік қызметтер мен төлемдер тағайындалған.
2027 жылдан бастап Отбасының цифрлық картасын әлеуметтік-еңбек саласындағы талдау құралы ретінде одан әрі жетілдіру көзделіп отыр. Негізгі мақсат – мемлекеттік қолдауды азаматтарға олардың нақты қажеттілігі мен өмірлік жағдайын ескере отырып, уақытында көрсету.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз