Қарағандыда 15 мыңнан аса студентке құқықтық сауаттылық форумы өтті

Жастар – «Заң мен тәртіптің тірегі». Қарағандыда осындай атаумен жастар форумы өтті. Оған 15 мыңнан аса студент қатысты. 

Шараның мақсаты жастардың құқықтық мәдениетін арттыру және заң бұзушылықтардың алдын алу болды.

Форумға қатысушыларға есірткі таратуға, интернет-алаяқтыққа, қаржы пирамидаларына және дропперлікке шырмалғандар туралы бейнероликтер көрсетілді. Құқық қорғау органдарының өкілдері ойланбай жасалған әрекеттер мен оңай жолмен ақша табуға деген ұмтылыстың салдары туралы айтып берді.

Ермағанбет Бөлекпаев, облыс әкімі:

- Өз құқығыңды, міндетіңді, мемлекетіңнің қандай қағидаттарға сүйенетінін білу – бұл құқықтық мәдениеттің бастауы. Болашақта мемлекетіміздің қаншалықты мықты, әрі орнықты болатынын айқындайтын факторлардың бірі.

«Цифрлық технологиялар жастарға жаңа мүмкіндіктер ашқанымен оның сын-қатерлері өте көп», - деді облыс прокуроры. Форум барысында университеттің заң факультетінде «Болашақ прокурор аудиториясы» ашылды. Мұнда «Прокурорлық қадағалау» пәні бойынша сабақтар өтеді.

Бағлан Абдулахат, облыстық прокуратураның аппарат басшысы:

- Мақсатымыз – жастарымыздың құқықтық сауаттылығын, құқықтық мәдениетін арттыру. Аудиторияға прокуратура қызметі туралы кітаптар мен арнайы стендтер қойылды. Алдағы уақытта прокуратураның тәжірибелі қызметкерлерімен қадағалау пәні бойынша сабақтар өткізілетін болады.

Форум ашық диалог форматында өтті. Студенттер панельдік сессияларға, ойындар мен пікірталастарға қатысып, сұрақ қойып, өз шешімдерін ұсынды.

Жұлдыз Самиғолла, ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы академия курсанты:

- Осы форум бойынша айтқым келгені – өздерінің заңдарын білу және тану. Менің ойымша, қазіргі замандағы ең басты мақсат – ата-ананың тәрбиесін түсіну және оны білу. Сондай-ақ ең басты мақсат – Қазақстан Республикасын қорғау.

«Заң мен тәртіп» мемлекеттік органдардың ғана жұмысы емес, әр адамның күнделікті таңдауы. «Құқықтық мәдениет пен жауапты қоғам дәл осы таңдаудан басталады», - деп атап өтті форум қатысушылары. 

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит

Сондай-ақ оқыңыз: