БҚО-да алты ауылға су құбыры тартылады

Батыс Қазақстан облысында биыл алты ауылға ауыз су құбыры тартылып жатыр.

Бұл мақсатқа мемлекеттік бағалы қағаздар есебінен 3 миллиард 900 миллион теңге бөлінген. Жобалар жүзеге асқан соң өңірдегі ауыл халқының сапалы ауыз сумен қамтылу деңгейі 100 пайызға жетеді. Дегенмен, бұл бағытта түйіні тарқатылмаған мәселе де жоқ емес. Соның бірі су қорын барлау және бағалау жұмыстарының жеткіліксіздігі. 

Оралдан 170 шақырымда орналасқан Қосарал ауылы Сырым ауданына қарайды. Мұндағы тұрғындар үшін тіршілік нәрі басты проблеманың бірі. Құбырдағы су сағатпен беріледі, оның өзі ащы. Амалы таусылғандар ауыл шетіндегі құдықтан тасиды.

Ерболат Мақсотов, Қосарал ауылының тұрғыны:

- Даладағы құдық тұщы. Сосын алып жатырмын. Бір шақырым бар ғой. Бастамада тұщы болды ғой, сосын ашып кетті, неге ашығанын. 

Сумен қамтудағы күрделі мәселенің түйіні биыл тарқатылмақ. Күні бүгін 25 шақырым жердегі Абай ауылынан су құбыры тартылуда. Қазір ауыл ішіне су жүйесі жүргізіліпті. Құрылыс құны 761 млн теңге.

Айгүл Мәмбетқұлова Сырым аудандық сәулет және құрылыс бөлімінің жетекші маманы:

- Қазіргі уақытта трасса бойындағы су құбырлары және ауылішілік су құбырлары тартылып, толықтай аяқталуда. Қазіргі уақытта осы су көтеру алаңындағы абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр және насос қондыру жұмыстары жүргізілуде. Осы құрылыс жұмыстарын қазан айында аяқтау жоспарымызда.

Ауылдың байырғы тұрғыны Мұратай ақсақалдың айтуынша, елді мекенді сумен қамту жүйесі соңғы ширек ғасырда төртінші рет өзгеріп отыр. Бұрын ауыл суды Қаратөбеден алып келсе, 2000 жылдардың басында ол құбыр талан-таражға түскен. 2006 жылы іргедегі Бұлдырты өзеніне су тазалау қондырғысы қойылған. Алайда қуаңшылықта су келмей, ол жобаның да ғұмыры қысқа болған. Ең соңғы рет 2020 жылы он шақырым жердегі жерасты су көзінен ауылға құбыр тартылыпты.

Мұратай Әбдірахманов, ауыл тұрғыны:

- Енді мына Боқай деген жерден қосып еді. Оның суы жетпейді. Аз ғой жаңағы. Сосын ащы, ішуге пайдаға аспайтын ащы. 20 тоннадай күніне береді, өнімі шамалы. Халыққа жетпегесін биыл осы қолдап келіп жатыр ғой Ақбұлақ Кеңащының суы.

Осы Боқай су көзінен Қосаралға құбыр тартуға 6 жыл бұрын 316 млн теңге жұмсалған. Сол кезде жобаны жасақтаушылардың су қоры 20-30 жылға жетеді дегені елдің есінде. Алайда көп кешікпей су қоры сарқылып қалған. Қыруар қаржы желге ұшқан. Аудан әкімдігі бұған су қорын іздеуші мекеме жауапты дейді.

Айгүл Мәмбетқұлова, Сырым аудандық сәулет және құрылыс бөлімінің жетекші маманы:

- Бізде рұқсат беретін осы «Жайықгидрогеология» 20 жылға деп берді. Алайда сол өздерінің рұқсат берілген жерінен қазылды, екінші подьем. Ол жерде су көзі таусылып қалды. Хаттар жолданды. Қорытынды ол кісілер ғой беріп отырған, жауапкершілік болады, онымен жұмыстар жүргізілуде.

Мұндай жағдай өңірде жалғыз емес. Мәселен Жәнібек ауданының Күйгенкөл ауылында 400 млн теңгеге салынған жаңа құбыр бір апта да пайдаланылмапты. Құр қалқиып тұрған кешенді блок модульдер де жетерлік. Жалпы сумен қамтудағы қырсыздықтарға кім жауапты?

Нұркен Молдашев, БҚО құрылыс басқармасының басшысы:

- Аудан әкімдіктері жобаға тапсырыс береді. «Жайықгидрогеологиямен» келісім жасайды, жобалаушы мекемелермен келісім жасайды. Соның бәрін жасап біздерге бюджеттік өтінім тапсырады. Бюджеттік өтінім тапсырғаннан кейін бізге 30-40 бюджеттік өтінім келіп жатады барлық аудандардан. Оның барлығын қарап отыратын біздерде ондай кадр да жоқ шыны керек айта кететін болсақ. Біз әкімгер болғандықтан ол өтінім аудан әкімінің қолымен келгендіктен біздер ол бюджеттік өтінімді министрлікке тапсырып қаражатын бөліп шығарып береміз. Сондықтан да бұл сұрақты аудан әкімдіктеріне қойған дұрыс деп есептеймін.

Құрылыс басқармасының мәліметінше, бүгінде облыс халқы толықтай сапалы ауыз сумен қамтылған. Ендігі міндет осы су құбырларын қайта жаңғырту. Еске сала кетейік, биыл 6 ауылға су тартуға 3,9 млрд теңге қаралған.

Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов

Сондай-ақ оқыңыз: