Импортталған астықты «Қазақстанда өндірілген» деп тасымалдаған

Импортталған астықты «Қазақстанда өндірілген» деп Орталық және Оңтүстік Азия елдеріне экспорттаған. Қаржылық мониторинг агенттігі осындай қитұрқы әрекеттің жолын кесті. Агенттік мәліметіне сүйенсек, ел аумағынан жалпы құны 11,2 млрд теңге болатын шамамен 130 мың тонна астық экспортталған, деп хабарлайды 24KZ.

Көбіне Өзбекстан, Ауғанстан және Тәжікстан елдеріне асырылған. Алаяқтық әрекетті іске асырғандар алдын ала жалған басшылардың атына коммерциялық ұйымдар тіркеген. Осы арқылы тасымалдау кезінде жеңілдетілген тарифті пайдаланған.

Ақыры аяғында мемлекет мүддесіне 1,2 млрд теңге көлемінде залал келтірді. Қазір аталған іске қатысты бес адам күдікті деп танылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды.

Ернар Тайжан, ҚР ҚМА ресми өкілі:

- Астық экспортына қатысты схемада «Bakery Nan», «KazGrano», «Perfect Seed», «Weizen» және «Golden Grain Kazakhstan» ЖШС-лары пайдаланылған. Транзиттік тарифтің төленбеуі салдарынан «ҚТЖ — Жүк тасымалы» ЖШС-не 1 млрд теңгеден аса көлемінде залал келтірілген. Сонымен қатар күдіктілер салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алудан және кредиторлар алдындағы міндеттемелерін орындаудан жалтару үшін өздерінің бақылауындағы экспорттаушы компаниялардың шоттарынан үлестес ұйымдардың шоттарына ақша аударып, кейін банкроттық туралы талап арыздар берген.

Сондай-ақ оқыңыз: