Елде 20 млн тоннаға жуық астық бастырылды
Шаруаларға келер жылғы егіс үшін қаржы ертерек беріледі. Биылдың өзінде үкімет тарапынан дихандарға 665 млрд теңге бөлінген. Бұл туралы үкімет отырысында айтылды, деп хабарлайды «24KZ».
Жиында күзгі жиын-терім науқаны пысықталды. Қазір еліміздің бірқатар өңірі дәнді-дақылды жинап үлгерген.
Күз – еңбектің есебін шығаратын мезгіл. Жаз бойы маңдай термен өсірілген өнім енді қамбаға жиналып, диқанның бірнеше айлық еңбегі таразыға түседі. Еліміздің бірқатар өңірлерінде қазір күзгі жиын-терім науқаны қызу жүріп жатыр. Батыс Қазақстан облысы алғашқы боп жауапты кезеңді толық аяқтапты. Шығыс Қазақстан, Павлодар, Жамбыл және Қарағанды облыстарында астықтың 95%-дан астамы жиналды. «Өткен жазда кей өңірде құрғақшылық байқалғанымен, биылғы түсім көпжылдық орташа көрсеткіштен жоғары болуы мүмкін», - дейді мамандар.
Азат Сұлтанов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
- Қазірдің өзінде елде 19,9 млн тонна астық жиналды. Ал майлы дақылдардан 5 млн тоннадан астам рекордтық өнім күтіліп отыр. Бүгінде аймақтардағы бар техника егін басында. Күн бұзылмай тұрып, өнімді қоймаға тасып алу шарт. Бұл науқанға 130 мың трактор, 29 мың астық жинайтын комбайн, 130 мың бірлік өзге де техника жұмылдырылыпты. Шаруаларға шашау шығармай, өнімдерін қамбаға бастыру үшін үкімет қолдау шараларынан аянып қалып жатқан жоқ. Әдеттегі жоспардан бөлек, дихандарға астықты кептіруге қосымша 41,3 мың тонна дизель отыны бөлінген.
Егіннің бітік шығуына қолайлы күн райы мен агротехнологияларды дұрыс пайдалану да әсер еткен. Оның үстіне диқандар тұқыммен, отынмен және тыңайтқыштармен жеткілікті көлемде қамтамасыз етілгені нәтиже берген сыңайлы. Жиында Үкімет басшысы дәстүрлі нарықтармен қатар жаңа елдерге де астық экспортын ұлғайту мәселесін пысықтауды тапсырды. Бұл бағытта жаңа астықты тасымалдауға қажетті вагондар мен локомотивтер дайын. Бүгінде 16,9 мың астық вагоны, 17,8 мың жабық вагон әзірленген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда көп. «Қазіргі парк астықты толық көлемде тасымалдауға жеткілікті», - дейді сала жауаптылары.