Алматыда жылыту маусымына дайындық қызу жүріп жатыр
Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрғын үйлерге тексеру және түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Рейдке әкімдік, прокуратура және газ қызметінің өкілдері де қатысты. Олар әлеуметтік көмекке мұқтаж 300-ге жуық отбасының үйін аралап, қажет болған жағдайда көміртек тотығын анықтайтын датчиктер орнатуда. Профилактикалық шара барысында газ және электр пештерінің жарамдылығы тексеріліп, тұрғындарға олардан келер қауіп-қатер түсіндірілді.
Ақтыныс Әлтебаева, қалалық ТЖД бас маманы:
- Жылыту маусымына дайындаңыздар, пештеріңізді тексеріңіздер, мұржаларды ыстардан тазалаңыздар, жылыту құралдарының дұрыс жұмыс жасауына көңіл бөліңіздер. Электр жабдықтарының дұрыс жұмыс жасауына көңіл бөліңіздер. Әр үйдегі қауіпсіздікке деген қадам — ол сіздердің өз жауапкершіліктеріңіз. Балаларыңыздың, жақындарыңыздың қауіпсіздіктері өз қолдарыңызда.