Алматыда кезектегілерге берілген 172 пәтер заңсыз жалға берілген

depositphotos.com

Алматыда кезекте тұрғандарға берілген жалға берілетін пәтерлерді кейбір азаматтардың заңсыз жалға беріп келгені анықталды, деп хабарлайды «24KZ».

Кезекте тұрған азаматтарға мемлекет тарапынан берілетін жалға берілетін коммуналдық баспаналардың мақсатты түрде пайдаланылуына қатысты ревизия жүргізілді. Тексеру нәтижесінде жеңілдетілген бағдарлама аясында баспана алмаған бөтен тұлғаларға 172 пәтердің заңсыз берілгені анықталды. Бүгінгі таңда заңсыз орналасқан тұрғындар 114 пәтерді өз еркімен босатты, ал қалған 58 пәтер бойынша сотқа дейінгі талап-арыздар жолданды. 

Заң талаптарына сәйкес, мұндай тұрғын үйлерді қосалқы жалдауға  беруге немесе жалдау шартында көрсетілмеген бөгде адамдарды қоныстандыруға қатаң тыйым салынған.

Жылжымайтын мүлік қорына қатысты тексеру жұмыстарын қаланың Наурызбай, Алатау, Медеу және Түрксіб аудандарында Коммуналдық инфрақұрылым басқармасы мен Тұрғын үй инспекциясының мамандары жүзеге асырды. Жыл басынан бері барлығы 3 125 пәтерге мониторинг жасалды.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, баспана тиесілі азаматтардың кейбірі оны коммерциялық мақсатта қосалқы жалдауға береді немесе келісімшартта көрсетілмеген туыстары мен достарын кіргізіп алады. Сонымен қатар, кезекте тұрғандардың ай сайынғы жалдау ақысын төлеуді уақытылы орындамай, кешіктіретін жағдайлары да жиі кездеседі.

Қазақстан Республикасы "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 24-бабының 3-тармағына сәйкес, жергілікті атқарушы орган берген тұрғын үйді жалдаушылар қосалқы жалдаушылар мен уақытша тұрғындарды қоныстандыруға құқылы емес. Жалдамалы тұрғын үйді қосалқы жалдауға немесе үшінші тұлғаларға беру жалдау шартын бұзуға негіз болады, - деп еске салды Алматы әкімдігі.

Қазіргі уақытта бөгде тұрғындардан босатылған пәтерлерге тиісті жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олар толық дайын болған соң, баспанаға шынайы мұқтаж әлеуметтік осал санаттағы басқа да кезектегі азаматтарға беріледі. Коммуналдық тұрғын үйлердің заңсыз пайдаланылуын анықтау шаралары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады.

Сондай-ақ оқыңыз: