Қазақстан ТМД елдерімен заңсыз көші-қонға қарсы келісімді жаңартуды ұсынды

фото: gov.kz

ТМД елдерінің ішкі істер министрлері интернет-алаяқтық, дропперлік және есірткінің заңсыз айналымына қарсы бірлескен жұмысты күшейтуді талқылады. Бұл мәселе Душанбеде өткен ТМД елдері Ішкі істер министрлері кеңесінің отырысында қаралды, деп хабарлайды 24KZ.

Кеңеске Қазақстан атынан ішкі істер министрі Ержан Саденов бастаған делегация қатысты. Жиында трансұлттық және ұйымдасқан қылмысқа қарсы бірлескен шаралар, сондай-ақ қылмыскерлерді мемлекетаралық іздестіру тетіктерін жетілдіру мәселелері талқыланды.

Ержан Саденов ТМД елдерінің ішкі істер органдары интернет-алаяқтыққа, соның ішінде қылмыстық дропперлік схемаларды ұйымдастырушылар мен қатысушыларын бірлесіп ұстауға қарсы іс-қимылдағы практикалық ынтымақтастығын күшейтуді ұсынды.

Сонымен қатар Қазақстан заңсыз көші-қонға қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы 1998 жылғы келісімді жаңартуды ұсынды. Өзгерістер реадмиссия рәсімдерін нақтылау және депортацияланатын адамдар туралы ақпарат алмасу мәселелерін қамтиды.

Бұдан бөлек, есірткі жеткізу арналарының жолын кесуге және жаңа психотроптық заттар туралы ақпарат алмасуға бағытталған халықаралық операцияларды жандандыру ұсынылды.

Отырыс қорытындысында ТМД елдерінің ішкі істер органдарының трансұлттық қылмысқа қарсы күрестегі өзара іс-қимылын күшейтуге бағытталған бірқатар бірлескен шешім қабылданды.

Сондай-ақ оқыңыз: