Семейде 500 мыңға жуық адам ЖРВИ жұқтырған

Күн суытқалы маусымдық індет кең тарала бастады.

Кейінгі бір айдың өзінде 500 мыңға жуық адам тұмау жұқтырған. Бұл жылда қайталанатын үрдіс. Бірақ ауырып, ем іздегенше ауырмайтын жол іздеген абзал. Ақ халаттылар сақтық шараларын ұстанып, уақытылы вакцина алу қажеттігін ескертеді.

Қыркүйек айының басынан бері еліміз бойынша 492 мың адам ЖРВИ-мен ауырған. Оның ішінде тұмаудың төрт жағдайы анықталды. Ауырғандардың дені Астана мен Маңғыстау облысында тіркелген. Ал Семейде инфекционистер маусымдық вирустық инфекциялардың белең алғанын айтып отыр.

Имдат Эфендиев, облыстың бас инфекционисі:

- Әзірге тұмау тіркелген жоқ. Оның алғашқы жағдайлары қараша айынан бастап анықталуы мүмкін деп болжап отырмыз. Қазір әртүрлі вирус таралуда. Негізінен жаз мезгілінде басталған энтеровирустық инфекция кездеседі. Сонымен қатар дене қызуын көтеріп, жөтел мен көздің қабынуын тудыратын аденовирус та бар.

Семейдегі инфекционистерге күн сайын 15-20 тұрғын жүгінеді. Көпшілігі мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы және дене қызуының көтерілуіне шағымданады.

БЛИЦ

-  Біздің отбасымыздың дені ауырып шықты. Жолдасым, ұлым, қызым да сырқаттанды. Қазір мұрын қуысын жиі жуып тұрамыз. Алдын алу үшін де осы тәсілді қолданамыз.

- Айналамыздағылардың бәрі кезек-кезек ауырып жатыр. Әріптестерімнің арасында да сондай жағдай. Бірі жазылса, екіншісі ауырады. Осылайша бір-бірімізге жұғады.

- Мен ауырмаймын жалпы ЖРВИ мен грипп болып, Көбінесе ол адамның денсаулығына байланысты шығар. Ауырсам дәрігерге барамын.

Биыл Денсаулық сақтау министрлігі тұмауға қарсы екпенің екі миллионнан астам дозасын сатып алды. Препараттар Алматы мен Шымкент қалаларына, Түркістан және Жетісу облысына жеткізілді. Қалған өңірлерге кезең-кезеңімен 5 қазанға дейін таратылады.

Имдат Эфендиев, облыстың бас инфекционисі:

- Тұмауға қарсы вакцинаның құрамы жыл сайын жаңартылады. Әлемнің жүзден астам елі вирустардың таралуын жеке-жеке зерттеп, алынған мәліметтер негізінде келесі маусымға арналған вакцина әзірленеді. Оның құрамына А типті вирусының бірнеше түрі мен В типі енгізіледі.

Екпе алдымен медицина қызметкерлеріне, балаларға және созылмалы аурулары бар жандарға салынады. Вакцинаның қорғаныс әсері 6 айдан 12 айға дейін сақталады. Бұдан бөлек дәрігерлер қоғамдық орындарда бетперде тағып, дұрыс тамақтануға кеңес береді.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Күзде  вирустық инфекциялардың кең таралатыны рас. Мамандар маусымдық инфекциялардың алдын алу үшін сақтанып жүруге кеңес береді. Дәрігерлердің айтуынша, аурудың алдын алудың тиімді жолы - вакцина алу. Сонымен қатар жеке бас гигиенасын сақтап, сырқаттанған адамдармен мүмкіндігінше қарым-қатынасты шектеу қажет.

Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков

Сондай-ақ оқыңыз: