Көкжайлау шатқалына 2 мыңнан аса ағаш отырғызылды
Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінің аумағындағы Көкжайлау шатқалына 2 мыңнан аса көшет егілді. Мұнда Қызыл кітапқа енген шренк шыршасы, сиверс алмасы, Алатау өрігі сияқты ағаштар мен әртүрлі бірегей өсімдіктер өседі.
Аумақты қылқан жапырақты орман эко-жүйесі қоршап жатыр. Экологиялық акция барысында жасыл желек қатары көбейе түсті. Мақсат – Солтүстік Тянь-Шаньның биоресурсын толықтыра түсу. Іс-шараны Іле Алатауы бөктерінде салынатын тау курортының операторы Kazakh Tourism Development ұйымдастырды. Қазір Almaty SuperSki жобасының инфрақұрылымдық жобалау жұмыстары жүріп жатыр.
Әлібек Қуантыров, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
- Бұл елдің, осы аймақтың дамуына және оның экономикалық өсуіне серпін береді. Болашақ ұрпақ үшін мәңгілікке қалады. Егер бір ағаш кесілген жағдайда оның орнына әрқайсысына 10 ағаш қайта отырғызылады. Айта кетейін, туристік кластер аймағында Қызыл кітапқа енгізілген жасыл желек кесілмейді.
Дархан Сатыбалды, қала әкімі:
- Шымбұлақтың өткізу мүмкіндігі тәулігіне ең жоғары дегенде 6 мың адамға шақталған. Қазір келушілер саны 15 мыңнан асып, 20 мыңға жетіп жатыр. Сұраныс артып келеді. Шымбұлаққа сыймаған келушілер ары қарай Бұтақты және басқа да жерлерге барып жатыр. Сондықтан осы бағытты ұйымдасқан түрде кеңейтіп, тиісті қолдау көрсетуіміз керек. 2018 жылы осы тауларға шамамен 200 мың адам көтерілсе, биыл бұл көрсеткіш 1,5 млн адамға жетуге жақындап отыр.