Алматы электрлі көлік санымен көш бастады
Алматы электромобильдер саны бойынша көш бастап тұр.
Елде осындай 26 мыңнан астам көлік тіркелген. Оның жартысынан көбі алматылықтарға тиесілі. Мамандар мұндай техникаға қызығушылардың саны әлі де артатынын айтады. Дегенмен, мегаполисте электромобиль көбейген сайын оны қуаттайтын инфрақұрылымға түсетін жүктеме де артып отыр.
Қазір шаһарда 16 мыңнан аса электромобиль тіркелген. Бұл елдегі тоқпен жүретін барлық көліктің 63 пайызы. Заманауи тұлпардың нарыққа енгеніне көп болған жоқ. Дегенмен, халықтың қызығушылығын арттырып, сеніміне кіріп үлгірді. Өйткені ол жанармайға тәуелді емес. Түтін шығармайды. Гүрілдеген дыбысы да жоқ.
Алексей Алексеев, автосарапшы:
- Электромобильді қуаттауға жұмсалатын шығын бензинге кететін ақшадан төрт есе аз. Күтіп ұстауына келетін болсақ, электромобиль шамамен он есе тиімді. Себебі онда май ауыстыру, кейбір бөлшектерін алмастыру және басқа да жоспарлы техникалық қызмет көрсету жұмыстары көп емес.
Электромобиль экологиялық таза көлік. Қаланың кез келген жерінде қатынай алады. Дегенмен, 28 қыркүйектен бастап демалыс және мереке күндері Медеуден жоғары Шымбұлаққа көтерілуге тыйым салынды. Мұндай шешімді қалалық Мәслихат депутаттары қабылдады.
28.09.2026 жыл
Аршат Бақтыгереев, қалалық экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасары:
- Жұмыс күндері олардың қозғалысына шектеу қойылмайды. Ал демалыс күндері көлік саны артады. Сондықтан бұл өзгеріс көліктің барлық түріне қатысты болады. Біз ерекше қорғалатын табиғи аумақтағы көлік санын реттеуді көздеп отырмыз.
Бұл шектеу Медеуден Шымбұлаққа жолаушы таситын такси жүргізушілерінің көңілінен шықпай отыр. Адам қарасы демалыс және мереке күндері қалың. Табысымыз азайып қалды, дейді олар
Ұлан Биғалиев, қала тұрғыны:
- Естіп жатырмыз сенбі, жексенбіде жүргізбейді. Халық көп келіп жатыр, бірақ сонда да рұқсат бермей жатыр жүргізуге. Енді сол себепті қазір жұмыссыз болып қалдық. Әркім өз шаруасымен айналысып кеттік. Алдындағыдай табыс болмай жатыр. Алдында тауып жүргендей. Отбасына асырап жүретінбіз.
Алматыда тоқпен жүретін көлік көбейгенімен қуаттау бекеттерінде ұзынсонар кезек жоқ. Бұл қала инфрақұрылымының әзірлігін көрсетеді. Көлік иелері мегаполистегі жүздеген бекеттен батареясын толтыра алады. Олардың көбі жылдам зарядтау станциялары. Кейбірінің қуаты сағатына 60-тан 240 кВт-қа дейін жетеді.
Ернұр Рысбай, Айбек Ақшолақов, Валентин Лобанов