СҚО-да 28 көне қорған табылды
Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданында археологиялық экспедиция барысында 28 көне қорған анықталды. Мамандар тарихи нысандарды фото, бейне және дрон арқылы зерттеген, деп хабарлайды 24KZ.
Кейбір қорғандардың диаметрі 100 метрден асып, биіктігі 3,5 метрге жетеді. Археологтардың айтуынша, бұған дейін жергілікті тұрғындар нысандардың бірінде қазба жүргізіп, адам сүйектерін тапқан. Содан бері қорған тұрақты бақылауға алынды. Экспедиция қорытындысы бойынша есеп дайындалып, Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтына жолданады. Ғалымдар зерттеу нәтижесінде қорғандардың нақты қай кезеңге жататынын анықтамақ. Айта кетейік, Уәлиханов ауданында қорғауға алынған 45 тарихи нысан бар. Оның біреуі – республикалық, 44-і жергілікті маңызға ие ескерткіш.
Әли Тұрысов, Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры:
– Бұл – құнды археологиялық олжа. Тарихи ескерткіштерді сақтап қала аламыз. Егер нысанды жақын арада мемлекеттік қорғауға алмасақ, оны жоғалтып алуымыз мүмкін. Қорғанның ішінен жәдігерлер табылуы ықтимал. Мәселен, керамикалық бұйымдар, көне қару-жарақтар, сондай-ақ сол дәуірде адамдар пайдаланған еңбек құралдары. Олар арқылы сол кезеңдегі жерлеу және еске алу рәсімдері туралы біле аламыз.