Оралда мүгедектігі бар азаматтарға арналған қабылдау өтті
Оралда мүгедектігі бар азаматтарға арналған тақырыптық қабылдау өтті. Елуге жуық адам әлеуметтік қорғау, білім беру, прокуратура және өзге де мемлекеттік органдардың өкілдеріне көкейдегі мәселелерін жеткізді. Онда негізінен жұмысқа орналасу, қолжетімді орта қалыптастыру, инватакси қызметін ұйымдастыру және оңалту мүмкіндіктері жан-жақты талқыланды, деп хабарлайды 24KZ.
Есенғали Өтегенов – көру қабілеті бұзылған азаматтардың бірі. Білім алып, жұмыс істеу және күнделікті күйбең тіршілікте мүгедектігі бар жандарға қолжетімді жағдай жасаудың қаншалықты маңызды екенін өте жақсы түсінеді. Қабылдауда ол өзін ғана емес, басқа да отбасыларды толғандыратын мәселелерді көтерді.
Есенғали Өтегенов, қала тұрғыны:
- Отбасы бар мүмкіндігі шектеулі жанды сол көп балалы деген сияқты санатқа қосса екен, мектептен 1 қыркүйекке қарсы қандай да бір көмек бергенде біздерге де, біздің балаларымызға да сол көмек тисе екен деген сұрақпен келдік. Сосын екінші мәселе – жұмыссыздық. Мүмкіндігі шектеулі зағип жандар жыл сайын мансап орталығына жұмысқа жіберіледі. Бірақ ол – уақытша жұмыс. Ең аз минималды жалақы аламыз. Соның өзінде де жұмыс бір жыл болса, бір жыл жоқ.
Жыл басынан бері «Әділет» партиясына облыс тұрғындарынан 1700-ге жуық өтініш түсіп, соның 612-сі оң шешімін тапқан. Әлеуметтік сала қызметкерлері қабылдауға келген азаматтарға баспана, үй алу кезіндегі квоталар, денсаулық сақтау мәселелеріне байланысты туындаған барлық сұрақтар бойынша түсініктеме берді.
Бауыржан Бектұрған, «Әділет» партиясы БҚО филиалының төрағасы:
- Қандай сұрақтары бар, қандай мәселелері бар олардың, жеке мәселелері одан бөлек бар, соның бәрін біздің әріптестер оларға түсіндіріп айтты. Қазіргі таңда бізде қабылдау облыстық бар, екінші қалалық бар, 12 ауданда бар. СКЛ Әлеуметтік сала өкілдері келіп, солармен бірге мәселелерді шешіп отырмыз.
Қойылған сұрақтардың бір парасы – оңалту мәселесіне қатысты. Азаматтар қажетті көмекті қайдан алуға болатынын және өңірде қандай қызмет түрлері қолжетімді екенін сұрады.
Бауыржан Әбілов, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті бқо департаментінің бөлім басшысы:
- Бізде «Ақжайық» оңалту орталығы жұмыс істейді. Қазір облыс бойынша үй жағдайында оңалту қызметі де енгізіліп жатыр. Министрлік тарапынан оған қажетті техникалық құралдар бөлінеді. Бұл жүйе биылғы 1 қыркүйектен бастап жүзеге асуда. Сонымен қатар мүгедектікті куәландыру барысында жеке оңалту жоспары әзірленеді. Шипажайлар мен курорттық емделуге жолдамалар қарастырылған.
Ал тұрақты көмекке мұқтаж азаматтарға әлеуметтік қызмет орталықтарында қолдау көрсетіледі. Облыста мұндай 12 мекеме бар. Онда төрт мыңға жуық адам көмек алады. Жалпы Батыс Қазақстан облысы бойынша 26 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат тұрады.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Альбина Құмарғалиева, Болат Жарылғасов