Ұлытауда 560 мың тонна жемшөп дайындалды
Ұлытаулық шаруалар қысқы мал азығын қамдап алды.
Шамамен 560 мың тонна шөп шауып, 1200 тонна жем әзірледі. "Бұл қыстан қысылмай шығуға жетеді", - дейді жауаптылар.
Жалпы өңірде шабындық аз. Сондықтан шөптің 20-30 пайызын көршілес облыстардан сатып алады. Өңір табиғаты құрғақ, шөлейтті болғандықтан шабындық аз. Шамамен 60 мың гектар. Бұл ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің небәрі 1 пайызы. Дегенмен, мамандар: "Пішен дайындау бойынша биылғы жоспарды толық орындадық", - дейді.
Әділер Жақсылық, Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Қазіргі таңда 558 мың тонна шөп дайындалды. Ол жоспарға сәйкес 99,2 пайызға орындалды. Өзімізді қысқа дайынбыз деп есептейміз.
Облыста 280 мың қой-ешкі мен 160 мың ірі-қара бар. Шабындықтың аздығынан шаруалар соңғы жылдары қыста тебіндеп жайылатын жылқыны көбейтті. Солардың бірі - Қорғанбай ауылының тұрғыны Бағдат Есенбаев. Жылқыдан басқа онға жуық сиыр ұстайды. Оның өзіне 1 млн теңгеден астам ақшаға азық сатып алған.
Бағдат Есенбаев, шаруа:
- Мына жерде "Арқай" деген жер бар еді. Суы бар, ағып жатқан бұлақ. Қасында шөп шығатын. Бұрындары біз 15-20 тіркемесі бар шөп алатынбыз. Қазір бір тіркеме де шықпайды. Шөпті сатып аламыз. Басы 1200-ден басталады, 1500-ге дейін. Сосын жем аламыз. Қабы 2500 мыңға дейін кетті.
Қорғанбайдан бөлек Жезқазғанға жақын тұрған Талап ауылының шаруалары да соңғы жылдары пішен оруды қойған. Кезінде тонналап шөп шапқан шабындықтар құрғап қалған. Жазиралы дала Жаңаарқаның өзінде биыл шөптің шығымы аз.
Әділер Жақсылық, Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Шөптің шығымы Ұлытау ауданында жаман емес. Бірақ Жаңаарқа ауданында биыл былтырғыдан аздау боп тұр. Оның алдын алу үшін біз көршілес өңірлерден шөп тасу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қызылорда облысынан 1500 тонна жоңышқа алынды. 30 мың тонна Қарағанды облысынан жемшөп алынды.
Құрғақ климат пен қуаңшылыққа байланысты өңірде соңғы жылдары суармалы егісті ұлғайту қолға алынды. Қазір оның көлемі шамамен 2 мың гектар. 2029 жылға дейін 10 мың гектарға жеткізу көзделіп отыр.
Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев