Қазақстанда жол жөндеу кезінде жалған құжаттар пайдаланылған

фото: ЖИ

Қазақстанда автожолдарды жөндеуге қатысты сатып алу кезінде жалған құжаттар қолданылып, техникалық қадағалау талаптары бұзылған. Бас көлік прокуратурасы тексеру барысында бірқатар заңбұзушылықты анықтады, деп хабарлайды 24KZ.

Мәселен, құны 2,4 млрд теңге болатын «Астана – Қабанбай» республикалық автожолын орташа жөндеу жұмыстарына қатысқан компания өз штатында жоқ маманның құжаттарын ұсынған. Өзге өтінімдерде учаске бастықтарының дипломдары түпнұсқалығын растайтын тексеруден өтпеген.

Осы деректерге байланысты «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы бірқатар мердігерді сатып алудың жосықсыз қатысушылары деп тану туралы сотқа талап-арыз берді. Оның біреуі қанағаттандырылды, қалғандары әлі қаралып жатыр.

Бұдан бөлек, техникалық қадағалау кезінде де заңбұзушылықтар анықталған. Кейбір мамандар бір мезгілде бес жол учаскесіне жауапты болған. Жалпы, 19 жол нысанында техникалық қадағалауға жауапты алты тұлға осындай тәртіппен жұмыс істеген.

Прокуратураның араласуынан кейін техникалық қадағалау мамандарының саны мердігерлік нысандарға сәйкестендіріліп, заңбұзушылыққа жол берген тұлғалар жауапқа тартылды.

Сондай-ақ оқыңыз: