Астанада TransLogistica Kazakhstan 2026 халықаралық көрмесі ашылды

Елордада TransLogistica Kazakhstan 2026 халықаралық көрмесі ашылды. 29-шы рет ұйымдастырылып отырған іс-шара үш күнге жалғасады. Қазір көрмеде көлік-логистика саласындағы отандық және шетелдік компаниялар өздерінің инновациялық шешімдерін таныстырып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.


Альмира Оразбай, тілші:

- TransLogistica Kazakhstan 2026. Бұл – Орталық Азиядағы көлік-логистикалық қызметтер мен технологиялардың ең ірі көрмесі. Биыл оған жаһанның 20 елінен 230 компания қатысып жатыр. Олардың – 101-і отандық, 129-ы шетелдік мекеме. Қатысушылар: «Бұл алаңды тәжірибе алмасуға және іскерлік байланыстарды нығайтуға жол ашады», - дейді.

Алтай Қамбар, «Қазтеміртранс» АҚ тұтынушылармен жұмыс департаментінің директоры:

– Біздің қоғамда 39 мыңға жуық вагон бар. Басты бағыт – астық дәнді-дақылдарды тасымалдау және оны жеткізу. Солтүстік өңірлерден оңтүстікке, Өзбекстан, Тәжікстан елдеріне дәнді-дақыл жеткізу. Көмір жеткізу Қытайға, Өзбекстан еліне көмір.

Көлік-логистика саласындағы компаниялар көрмеде инновациялық шешімдерін ұсынды. Мұнда әсіресе жеткізу үдерісін жылдамдату әрі жасанды интеллект көмегімен маршруттарды оңтайландыру бағыттарына айырықша назар аударылған. Айта кету керек, биыл көрмеге алғаш рет 700-ден астам құрылымды біріктіретін Түрік қызмет экспорты қауымдастығы қатысып отыр.

Беркай Улус, Түрік логистикалық компаниясының басшысы:

– Мұндай халықаралық көрмеге алғаш рет Ыстанбұлдан келіп тұрмыз. Біздің компания әлемнің бірқатар елімен логистикалық бағытта жұмыс істейді. Алдағы уақытта Қазақстанмен әріптестік нығайтуды жоспарладық. Жұмысымызда жасанды интеллектіні қолданып, жүктерді онлайн қадағалаймыз. Әсіресе сараптама жасау үшін және сату бөлімінде цифрлық технологияларды қолданып жатырмыз. Тәжірибе алмасуға біздің компания ашық.

Кейінгі кезде жолаушыларға ғана емес, жүк тасымалына да қолайлы жағдай жасалып жатыр. Соңғы 7 жылда елімізде 36 мың шақырымнан астам автомобиль жолы салынып, жартысы жаңартылды. Ірі көлік дәліздері мен республикалық маңызы бар жолдар жөнделді.

Жәнібек Тайжанов, ҚР Көлік вице-министрі:

– Қазақстанда көлік-логистика саласы қарқынды дамып жатыр. Былтырғы қорытынды бойынша транзиттік тасымал көлемі 39 млн тоннаға жуықтады. Енді 2030-шы жылға дейін көрсеткішті 67 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.

Халықаралық көрме үш күнге жоспарланған. Осы аралықта пленарлық және панельдік сессиялар, конференция мен көлік-логистикалық бизнес-форум өтеді. Онда қатысушылар саладағы түйткілді талқылап, оның шешу жолдарын қарастырады. Сондай-ақ саланы дамыту тетіктерін талқылайды.

Автор: Альмира Оразбай, Қусанбеков

Сондай-ақ оқыңыз: