Қазақстанда автокөлік өндірісі қарқын алып келеді
Биыл тоғыз айда елде 136 мыңнан астам жеңіл көлік шықты. Бұл былтырғы кезеңнен 38 пайызға көп. Елде сатылған он жаңа көліктің сегізі – отандық зауыттарда құрастырылды. Қазақстан халықаралық брендтермен ынтымақтастықты кеңейтіп, электромобиль өндірісін игеруге де ден қойды, деп хабарлайды 24KZ.
Отандық автоөндіріс жаңа белеске көтерілді. Қыркүйектің өзінде конвейерден 19 мыңнан астам темір тұлпар түсті. Бұл былтырғы қыркүйекпен салыстырғанда 66 пайызға көп. Өндірістің негізгі үлесі Алматы мен Қостанайға тиесілі. Жалпы тоғыз айда автокөлік, тіркеме және жартылай тіркеме өндірісінің ақшалай көлемі 1 триллион 670 миллиард теңгеге жетті.
Ербол Сепилов, «QazAutoStandard» автокөлік сарапшылары мен аудиторлары қауымдастығының президенті:
– Елімізде жеңіл автокөліктердің 15-ке жуық бренді, ал жүк көліктерінің 10-нан астам бренді шығарылады. Қазіргі таңда Қазақстанда 11-ге жуық ірі отандық автоөндіруші бар. Олар 11 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр.
Отандық көліктерге деген сұраныс та жоғары. Биыл алғашқы алты айда Қазақстанда 105 мың жаңа автомобиль сатылған. Оның басым бөлігі елімізде құрастырылған. Яғни сатып алынған әр он көліктің сегізі – қазақстандық өндірістің өнімі. Отандық машина жасау саласының маңызды орталықтарының бірі – Қостанай. Мұнда қытайлық брендтің жаппай өндірісін жолға қою жоспарланған. ALLUR зауыты осы бағытта қытайлық компаниямен келісімге келген алғашқы шетелдік өндірістік серіктес атанды. Жобаны жүзеге асыру үшін кәсіпорындағы технологиялық желілер жаңартылып, бөлшектер сапасын бақылау күшейтілмек. Сонымен қатар автокөліктің электрондық жүйелерін реттеу мүмкіндігі кеңейтіледі.
Арғұлан Майконов, ALLUR зауытының атқарушы директоры:
– Қытайлық технологияның Қазақстан үшін маңызы зор. Автокөліктің қозғалысын электр жетегі қамтамасыз етеді, ал қозғалтқыш жүріс қашықтығын ұзартады. Бұл көлікпен күні бойы электр қуатымен жүруге және алыс сапарларға шығуға мүмкіндік береді.
Қостанайда тек автокөлік құрастыру емес, тұтас машина жасау өнеркәсібі дамып келеді. Соңғы үш жылда өңірде бес жаңа зауыт ашылған. Олардың қатарында корейлік автомобиль зауыты мен жүк көліктеріне арналған жетекші көпірлер өндіретін кәсіпорын бар. Жаңа өндіріс орындарында үш мыңнан астам адам жұмыс тапты. Мамандардың басым бөлігі – жергілікті колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектері.
Жаңыл Ерментаева, Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:
– Егер 2022 жылы өңірде 4 ірі машина жасау зауыты жұмыс істесе, соңғы 3 жылдың ішінде олардың қатарына тағы 5 заманауи зауыт қосылған болатын. Олардың қатарына KIA автомобиль зауытын, сонымен қатар жүк машиналарына арналған жетекші көпір жасау зауытын кіргізуге болады.
Өндіріс ауқымы кеңейген сайын жаңа технологияларды меңгерген мамандарға сұраныс артып отыр. Әсіресе электромобильдер мен гибридті көліктерді жөндей алатын инженерлер қажет. Осы мақсатта Өскемендегі халықаралық сертификаттау орталығы алғашқы мамандарын даярлап шығарды. Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Армения және Ресейден келген ондаған инженер қытайлық автоконцерн қызметкерлерінен арнайы білім алған. Оларға электр көліктерінің құрылымы, диагностикасы мен жөндеу тәсілдері теориялық әрі тәжірибелік сабақтар арқылы үйретілді. Жыл соңына дейін орталықта 500 маман даярлау көзделген.
Аңасыр Мейрашев, «Лу бань» шеберханасының жетекшісі:
– Бізге кез келген ақауды жөндей алатын мамандар қажет. Электромобильдер мен гибридті көліктер біздің нарық үшін салыстырмалы түрде жаңа. Олардың климаттық жағдайымызда қалай жұмыс істейтінін әзірге толық білмейміз. Сондықтан мұндай мамандарға сұраныс жоғары.
Биыл отандық автокәсіпорындар алдына ауқымды міндет қойып отыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бұған дейін жыл соңына дейін 190 мың автомобиль шығару жоспарланғанын мәлімдеген. Енді кәсіпорындар жаңа технологияларды игеріп, өндірістегі жергілікті мамандардың үлесін арттыруға басымдық бермек.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров