Қазақстанда кітапханаға келушілер саны 10 мың адамға артты

фото: ЖИ

Қазақстанда кітап оқуға қызығушылық артып келеді. Биылғы тоғыз айда кітапханаларға келушілер саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10 мың адамға көбейген. Әсіресе, жастар белсенді. Сонымен қатар «Кітап оқитын ұлт» марафоны оқырмандардың сұранысына сай кітапхана қорын толықтыруға ықпал етіп отыр. Бұл туралы Ұлттық академиялық кітапхана директорының пайдаланушыларға қызмет көрсету және кітапхана ісі жөніндегі орынбасары Айтоты Жақыпова 24KZ телеарнасына берген сұхбатында айтты.

Маманның сөзінше, кітапханаға келетін жастардың мақсаты әртүрлі. Бірі білім іздесе, енді бірі тыныш жерде жұмыс істеу немесе бас қосу үшін келеді. Сондықтан кітап оқуға деген қызығушылықты тек кітапханаға келушілер санына қарап бағалау жеткіліксіз. Кітап дүкендерінен кітап сатып алу мен жәрмеңкелерге қатысу да оқырман сұранысын аңғартады.

Соңғы уақытта, жалпы кітап мәдениетіне көңіл бөлгеннен бастап, 2023 жылдан бері кітапханаға келушілердің саны жыл сайын артып келеді. Биылғы тоғыз айдың көрсеткішін өткен жылмен салыстырғанда, келушілер саны 10 мың адамға көбейген. Кітапханаға келетін жастардың саны өте көп. Әрине, біреу білім іздеп келеді, біреу жайлы орын іздейді, енді бірі бас қосу үшін келеді. Бірақ кітапқа деген қызығушылықты тек кітапханаға келіп кітап алумен шектеуге болмайды. Кітап дүкендерінен кітап сатып алу және жәрмеңкелерге қатысу да осы сұранысты көрсетеді, - деді ол.

«Кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасы аясында басталған марафон да кітапханалардағы оқырман сұранысына әсер еткен. Айтоты Жақыпованың айтуынша, оқырмандар жиі сұрайтын, бірақ кітапхана қорында жоқ кітаптарды іздеп, сатып алу жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл кітап қорын толықтыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар өңірлердегі кітапханалардың жағдайы бірдей емес. Кейбіріне қаражат бөлініп, кітап қоры жаңартылып, ғимараттары заманауи талаптарға сай жабдықталса, енді біріне әлі де қолдау қажет. Сарапшының айтуынша, былтыр алты кітапхана ашылған, биыл тағы үш жаңа кітапхана ашу жоспарланған. Өңірлердегі оқырмандардың сұранысын өтеу үшін цифрлық платформалардың да маңызы зор.

Қазақстандық ұлттық электронды кітапхана қорында қазір 87 мыңнан астам толық мәтінді құжат бар. Оқырмандар оларды тегін пайдалана алады. Бұл, әсіресе, кітапхана қоры шектеулі елді мекендердегі тұрғындар үшін қосымша мүмкіндік.

Кітап оқу мәдениетін қалыптастыруда шетелдік тәжірибе де ескеріледі. Айтоты Жақыпова Англия мен Шотландияда балаларды ерте жастан кітап оқуға баулитын бағдарламалар бар екенін айтты. Кейбір бастамаларда жаңа туған сәбилерге кітап жиынтығы сыйланып, ата-аналарға отбасылық оқу мәдениетін қалыптастыруға көмектеседі.

Мысалы, Англия мен Шотландияда балаларға арналған бағдарламалар өте көп. Тіпті жаңа туған нәрестелерге кітап жиынтығын сыйлайды екен. Шотландияда баланың тұлғалық дамуына, кішкентайынан кітап оқуға деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға және ата-аналармен жұмыс істеуге бағытталған қауымдастықтар бар. Олардың барлығының мақсаты — бала дүниеге келгеннен бастап отбасылық кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, -  деді Айтоты Жақыпова.

Сарапшының айтуынша, кітапханаға белсенді келетіндердің қатарында 14 пен 24 жас аралығындағы жастар, сондай-ақ 61 жастан асқан азаматтар бар. Ал жұмыс істейтін орта жастағы адамдар кітап оқуға уақыт тапшы екенін жиі айтады.

Маманның пікірінше, кітап оқуды міндетке айналдырудан гөрі, оны күнделікті әдет ретінде қалыптастыру маңызды. Бұл ретте ата-ананың балаға үлгі болуы, кітапханалардың қорын оқырман сұранысына сай толықтыру және кітапқа қолжетімділікті арттыру қажет.

Кітап оқитын ұлт күнделікті өмірін кітаппен байланыстыратын, кітап оқуды әдетке айналдырған ұлт болуы керек деп ойлаймын. Адам кітапты өзін мәжбүрлеп емес, өзінің қызығушылығымен оқуы керек. Әр адам баласына және айналасына үлгі болса, кітап оқитын, зерделі, зерек, адами капиталы жоғары ұлтқа айналуымыз мүмкін, — деді Айтоты Жақыпова.

Сондай-ақ оқыңыз: