Абай облысынан 4 мың жылдық арба бейнеленген тас табылды
Абай облысындағы Қырықошақ жайлауынан қола дәуіріне жататын ерекше петроглиф табылды. Шомбал тасқа төрт ат жегілген қос дөңгелекті арба бейнеленген. Археологтардың болжамынша, шамамен 4 мың жылдық тарихы бар бұл кескін көне арба мәдениетін зерттеуге тың дерек болуы мүмкін. Бұл туралы «Жеті күн» бағдарламасында айтылды.
Қазба жұмыстарына жетекшілік еткен археолог Ұлан Үмітқалидың айтуынша, олжа сол кезеңдегі қозғалыс құралдарының маңызы мен қоғам өміріндегі өзгерістерді түсінуге мүмкіндік береді. Ғалым арбаның пайда болуы адамдардың қозғалыс жылдамдығын арттырып, даладағы өмір салтына үлкен өзгеріс әкелгенін атап өтті.
Екі дөңгелекті арбалардың өзі осы Қазақстан жерінен тарағанын көрсетеді. Бұл — қозғалыс пен жылдамдықтың белгісі. Адам жаяу жүргендегі жылдамдықпен салыстырғанда, жылқыға мінгенде қозғалысы он есе жылдамдайды. Бұл сол дәуір үшін үлкен жаңалық, қоғамға бұрын-соңды болмаған жылдамдық әкелді, деді археолог Ұлан Үмітқали.
Мамандардың назарын аударған тағы бір жайт — қорымның теңіз деңгейінен шамамен 2 500 метр биіктікте орналасуы. Бұған дейін қола дәуіріне жататын көптеген ескерткіш өзен-көлдердің маңынан табылған. Ал таудың басындағы бұл нысан сол кезеңдегі адамдардың жерлеу дәстүрі мен әлеуметтік құрылымын зерттеуге мүмкіндік береді. Археологтардың пайымдауынша, қорымда қоғамдағы дәрежесі жоғары адамдар жерленуі мүмкін.
Сонымен қатар Қазақстан аумағынан табылған археологиялық мұралар көшпелі халықтардың әлемдік өркениетке қосқан үлесін қайта қарауға негіз болып отыр. Алайда тарихи ескерткіштерді тонау олардың ғылыми құндылығына қауіп төндіреді. Қорғандарды заңсыз қазу кезінде жәдігерлер ғана емес, жерлеу құрылыстары да бүлінеді. Соның салдарынан көне дәуірдің тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі мен қоғамдық құрылымы туралы маңызды деректер жоғалады.
Ескерткіш — құнды жәдігер. Оның өзіндік архитектурасы бар. Тонаушылар келгенде жәдігерлерді ғана алып қоймай, құрылысын да бұзып кетеді. Ал ескерткіштің қалай салынғаны, адамдардың әр дәуірде қалай жерленгені — тарихтың бір бөлігі. Қорымның құрылымына қарап, сол кезеңдегі қоғамның қалай өзгергенін анықтауға болады, деді Л. Гумилев атындағы ЕҰУ Археология және этнология кафедрасының аға оқытушысы Қуат Серікұлы.
Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 25 мыңнан астам тарихи-мәдени мұра нысаны тіркелген. Оның 8 877-сі археологиялық ескерткіштерге жатады. Мамандардың айтуынша, тарихи мұраны сақтау тек мемлекеттік органдардың міндеті емес. Көне қорғандарды заңсыз қазудан қорғау үшін қоғамның да жауапкершілігі маңызды.
Абай облысынан табылған жаңа петроглиф Ұлы даладағы көне мәдениетті зерттеуге тың мүмкіндік береді. Ғалымдар мұндай олжаларды сақтау және ғылыми айналымға енгізу арқылы Қазақстанның археологиялық мұрасын тереңірек танып-білуге болатынын атап өтеді.