Павлодар облысында қола дәуірінің құнды жәдігерлері табылды
Отандық археологтар Павлодар маңынан 4 мың жылдық тарихы бар бірегей қорымды тапты. Көне жерлеу орнынан қазып алынған жәдігерлер қола дәуіріне жатады.
Ғалымдардың пікірінше, жерленген адам осы өңірдегі ең көне металлургтердің бірі болуы мүмкін. Себебі қабірден кварцитті кетпен мен тас балта табылды. Мамандар мұны кен өндірумен, оны қайта өңдеумен айналысқан шебердің жерленген орны деген қорытындыға келді. Жаңадан табылған артефактілер қазірдің өзінде үлкен ғылыми қызығушылық тудырып отыр. Археологтардың айтуынша, көне заманда адамды жерлеу кезінде оның жанына кәсібіне қатысты заттарды қоятын болған.
Елена Тушева, Археологиялық қорлардың бас сақтаушысы:
- Біз жер қазуға және кенді ұсақтап, үгітуге арналған сол замандағы көне құралдарды көріп отырмыз. Кетпеннің жанынан тас балта табылды. Оның беті тегістелгенін байқауға болады. Бұл мұнда жерленген адамның металл құюмен және оны өңдеумен тікелей айналысқанын білдіреді.