Қостанай облысының Обаған ауылында 30 үй салынады

Қостанай облысында ауылдық жерде кейінгі үш жылда 1200 тұрғын үй салынды.

Тек Алтынсарин ауданында биыл екі пәтерлі 30 үй ел игілігіне тапсырылады.

Алтынсарин ауданының орталығы Обаған ауылында былтыр 20 жаңа жер үй, барлығы 46 пәтер пайдалануға берілді. Соның біріне көп балалы Алпысовтар отбасы қоныстанды. «Үйіміз кең, жылы, жайлы, газ, суы кіріп тұр, жағдайымыз қаладағыдан бір мысқал кем емес», дейді немерелеріне бас-көз болып отырған қос қария. 

Нағашыбай Алпысов, Обаған ауылының тұрғыны:

- Былтыр сол әкімге кіріп, біз 12 адам тұрамыз деп айтқанмын. Бізге бір орталықтан мектепке жақын жерден балаларға үй болса деп. Қазір 4 бала, 5 бала мектепке қатынайды. Сол айтқан бір ауыз сөзімізді жерге тастамай үй берді. Сапалы салынған үй. Салушыларға да, берушілерге де рақмет. 

Обаған ауылында тағы бір шағын аудан бой көтеріп жатыр. Қаз-қатар тізілген екі пәтерлі 8 үйдің құрылысы таяуда толық аяқталады. Баспаналардың барлығы сырты қоршалып, іші әрленіп дайын күйінде тапсырылады. 

Сапар Ыбырайғалиев, құрылыс бригадасының бригадирі:

- Газ болады, жарық болады, су болады. Септик болады, кәріз желісі. Толығымен. Бәрі дайын, қос контурлы газ қазандығы, бәрі қойылады, Тек кіреді, тұрады. 

Әлеуметтік баспаналар тұрғын үй займы есебінен алынады. Бастапқыда Отбасы банк арқылы пәтер жалға беріледі. Сосын уақыт өте қалған құнын төлеп, жеке меншікке аударып алуға мүмкіндік бар. Биыл Алтынсарин ауданына тұрғын үй құрылысына және сатып алуға 1 миллиард теңге бөлінген. Осы қаржыға екі пәтерлі 30 үй тұрғызылды.

Виталия Соловьева, ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы м.а.:

- Қазіргі кезде ауданда баспана кезегінде 200-ден астам адам бар. Солардың арасынан әлеуметтік жағынан осал топқа жататын отбасылар іріктеліп алынады. Әскери іс-қимыл ардагерлерінің, жағызбастылардың да жеке тізімі бар. Олардың да алғашқы кезекте осы жаңа үйлерден пәтер алуға мүмкіндігі бар.

Облыс бойынша биыл бюджет есебінен әлеуметтік осал топқа жататын отбасылар үшін 1200-ден астам пәтер сатып алынды. Соның жартысы ауылды жерлерде. Бұл мақсатқа 24 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.

Авторлары Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Сондай-ақ оқыңыз: