ШҚО-да «Мария жартасы» туристік нысанға айналады

Шемонаихадағы «Мария жартасы» атанған алаңқай туристік орынға айналады. Қыз мүсіннің айналасы абаттандырылып, сол маңдағы қонақүйлер жаңғыртылып жатыр. Жауаптылардың айтуынша, бұл жер Қатонқарағайға жетпесе де, туристі қызықтыратындай кереметі баршылық.

Жалпы ауданның туристік әлеуеті зор. Жергілікті билік қазір саланы дамыту шараларын жетілдіріп жатыр. Тау етегіне қарап тұрған нәзік қыздың сұлбасы Шемонаихаға кіре берісте «мен мұндалап» көрінеді. Бұл мүсін жергілікті жазушы Анатолий Ивановтың «Тени исчезают в полдень» романындағы кейіпкер Мария Вороноваға арналған. 1970 жылдары осы шығарма желісімен кино да түсірілді. Оқиға махаббат пен кек, мейірім мен жауыздық жайлы. Бұл ескерткіш жерлестерінің жазушыға деген құрметін білдіреді.

Эльмира Ахметова, тілші.

- «Мария жартасы» – Шемонаиханың ең көрікті жері. Қалаға келген қонақтар бұл жерге соқпай кетпейді. Ескерткіш осыдан 17 жыл бұрын ашылған. Қазір маңай толық абаттандырылған. Болашақта осы маңдағы Уба өзенінде пирс салынып, қайықпен серуендейтін мүмкіндіктер қарастырылмақ.

Мария жартасының етегінде туристер тоқтайтын әдемі алаңқай бар. Жазда бұл жерде киіз үй тігіліп, адамдар атпен серуендейді. Маусымдық туризмді дамытумен қатар ескі қонақүйлер жаңғыртылып жатыр.

Мәдина Шекеева, Шемонаиха ауданы Туризм бөлімінің басшысы:

- Әрине, туристік әлеует жағынан бізді Қатонқарағаймен салыстыруға келмейді. Десе де қолда бар мүмкіндіктерді пайдалануға тырысып, өз жеріміздің ерекшелігіне сай жобаларды іске асырып жатырмыз. Мәселен, биыл «экстермалды джип тур» өткіздік. Сонымен қатар жыл сайын Уба өзенінде ескекшілер сайысын да ұйымдастырып келеміз.

«Шекарадағы Шемонаиханың туристік әлеуеті бұдан да ірі жобаларды жүзеге асыруға жетеді», - дейді жергілікті кәсіпкерлер. Қазір бұл салаға қаржы салып, мейрамханалар мен балалар ойын- сауық орындарын ашып жатқандар бар.

Ержан Дәкиев, инвестор:

- Шемонаиха ауданында туристік бағытта игерілмеген тұстар өте көп дер едім. Ізденген адам өзіне де, өлкеге де пайдалы істі бастай алады. Тек сеніп, тәуекел ете білу қажет. Қазір жол жөнделді, демек күрежол бойында түрлі қызмет ұсынуға да болады.

Облыста жыл басынан бері туристік қызметті ілгерлету мақсатында 10 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Өңірде 450-ге жуық демалыс базасы бар. Туристік бағытқа апаратын жолдар кезеңмен жөнделіп жатыр. «Демек қонақтар Шығыстың көз тартар жерлеріне қысы-жазы кедергісіз жете алады», - дейді жауаптылар.  

Авторлары: Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов

Сондай-ақ оқыңыз: