Репродуктивті медицинаға – 30 жыл
Биыл елдегі репродуктивті медицина 30 жылдығын атап өтіп жатыр. Экстракорпоральды ұрықтандыру әдісімен дүниеге келген сәби де 30 жасқа толды. Бүгін ол алғаш рет көпшілік алдына шығып, сұхбат берді, деп хабарлайды 24KZ.
Бүгінгі шараның басты қонағы –Юлианна. Қазір ол Ұлыбританияда тұрады. Оксфорд университетін тәмамдап, баспа саласында жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін ешқашан сұхбат бермеген. Отбасы оның қалай дүниеге келгенін көпке жария қылмаған.
Юлианна Пермякова, Лондон қаласының тұрғыны /Ұлыбритания/:
– Мен өзімнің Эко арқылы туғанымды кейін білдім. Әрине, таңғалдым. Оның үстіне Қазақстандағы экстракорпоральды ұрықтандыру бойынша дүние есігін ашқан алғашқы адам мен екемін. Өзгелерден ешқандай артықшылылығым жоқ. Өзім қалаған баспа ісімен айналысам. Кітап оқығанды жақсы көремін. Биыл 30-ға толдым. Менің өмірге келуіме себепші болған, сол кезде бұл істің сәтті болатынына сенген Салтанат Байқошқарова бастаған ұжымға шексіз ризамын. Олар әлі талай отбасын қуанышқа бөлейді.
Юлианнаның ата-анасы отбасы құрғаннан кейін 6 жыл бала сүйе алмаған. Қаралмаған жері қалмайды. Медицинамен қоса, халық емшісіне дейін барады. 1996 жылы экстракорпоралды ұрықтандыру туралы естіп, бірден орталыққа келген.
Лариса Пермякова, Юлианна Пермякованың анасы:
– Мен келіп, қарала бастаған кезден бастап балалы болатынымды білдім. Ішкі түйсігіммен сездім. Бәрі ойдағыдай жүзеге асып, қызды болдым. Ал сол кезде осы істі бастаған дәрігерлердің еңбегі өлшеусіз дер едім. Қазір медицина дамып, білікті дәрігерлер, озық технология бар кезде, әйелдер ана болу арманынан бас тартпау керек деп ойлаймын.
Иә, қазір экстракорпоральды ұрықтандыру бойынша арқылы сәби сүю қалыпты жағдайға айналған. Бірақ осыдан 30 жыл бұрын «құтыдан шыққан баланың» кәдімгі баладай дені сау, ақыл-есі бүтін бола ма деген сауал олардың ата-аналарын ғана емес, мамандарды да алаңдатқан.
Салтанат Байқошқарова, «Экомед» адам репродукциясы клиникалары тобының ғылыми директоры:
– Мен өзбасымда бедеулік мәселесі болғаннан кейін 7 жылдан кейін ана болып, болғандықтан мен осы салаға сол кезде барғанмын зерттеу үшін. Жаңа технологияны шетелде ғана ол кезде Англияда болатын, Мәскеуде болатын Петербургте болатын. Олардың өзі енді қолға алып жатқан. Сол қиын заманда бастаған едік. 30-дан астам үлкен балаларымыз келіпті. Бүгін үш үшем, екі егіз бала, төрт Салтанат есімді қыздар келді.
30 жылдан бері «Экомед» орталығында 30 мыңға жуық бала дүние есігін ашқан. Олардың қатарында 18 жастағы үшем Базарбай, Бірлік, Аружан да бар.
Базарбай Дөңкішев, студент:
– Үш түрлі университетке грантқа түскен үшемдердің біріміз. Мен IT-ға, інім мен әпкем Салтанат Берденовнаның артын қуып микробиологияға түскен болатын. Биотехнологияның ішінде генетикаға түскен. Оның эмбриолог болып кететін мүмкіндіктері өте көп. Олар болашақта Эко клиникасын ашқысы келсе, олардың қолынан келсе, мен инженер ретінде өзім де көмектесуге әрқашан дайынмын.
Іс-шара барысында Эко тарихынан хабар беретін мұражай ашылды. Ол жерге алғашқы зертханалық құрал-жабдықтар қойылды. Елімізде осы орталықтан өзге де медициналық ұйымдар жетерлік. Десе де бедеулік мәселесі өзектілігін жойған жоқ. Қазір Қазақстанда 20 мыңдай әйел квота алуға кезекте тұр. Ал ел бойынша репродуктивті технология көмегімен өмірге келген 50 мыңнан аса бала бар.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев