Грекияда иттер қатерлі ісікпен ауыратындарға көмектеседі

Жаман ауруды иттер емдейді. Грекияда онкологиялық аурухана басшылығы «Дилан» атты салпаңқұлақты жұмысқа алды, деп хабарлайды 24KZ.

Диланның міндеті қандай? Әрине, науқастарға екпе салып, дәрі бере алмайды. Бірақ адамды жалғызсыратпайды. Жанын жадыратып, шуақ сыйлай алады. Ал қатерлі ісікке шалдыққандар үшін ем-доммен қатар рухани қолдау да аса маңызды.

Палатаға кірмес бұрын алдымен науқастардан иттен қорқатыны немесе аллергиясы бар-жоғын сұрайды. Барлығы келісім берген соң ғана Диланның қарғыбауын шешіп, науқастың қасына жібереді.

Сарантос Эфстатопулос, онкологиялық аурухана директоры:

– Дилан – Грекияның денсаулық сақтау жүйесінде медициналық қызметкер ретінде жұмысқа қабылданған алғашқы ит. Науқастар оны көргенде, көздері жайнап, қуанып кетеді. Сипайды, суретке түседі, ойнайды. Бір сәтке болса да, өздерінің уайымын ұмытқандай болады.

Ең алдымен, иттің мінез-құлқы, тазалығы, денсаулығы ескеріледі. Кинолог мамандар: «Диланды бір жарым жыл дайындадық», – дейді. Төрт аяқтылар әуелі бұйрықтарды мінсіз, бұлжытпай орындауды меңгереді. «Ең бастысы, науқастар сипағанда ұзақ қимылдамай отыруды үйренуге тиіс», – дейді мамандар.

Константина Танасула, кинолог:

– Біз адамды емдей алмаймыз. Бірақ оның жанын сауықтыруға үлес қоса аламыз. Бұл өте маңызды. Өйткені біз адамды тек науқас ретінде емес, тұтас тұлға ретінде көреміз. Ит терапиясы кезінде адамдар өз сырын ашып айтады. Ауруханада жүргенін бір сәтке болса да ұмытуға көмектеседі.

Ит терапиясының пайдасы ғылыми дәлелденген. Мамандардың айтуы бойынша, төрт аяқтыларды сипап, ұстағанда адамның жүрек соғысы мен қан қысымы төмендеп, бойында махаббат гормоны, яғни оксотоцин көп бөлінуіне әсер етеді.

Катерина Цилфиду:

– Ауруханаға уайымдап келіп едім. Диланды көріп, бүкіл қорқынышым сейілді. Химиотерапияның қалай өткенін байқамай қалдым.

Диаманто Митраку:

– Ерекше күш-қуат берді. Сипап, ұстап отырғанымның өзі маған қатты әсер етті. Дилан менің ішімдегі мұңымды түсінетіндей көрінді.

Қазір Грекияның медицина саласында 9 ит жұмыс істейді. Тағы бесеуі дайындықтан өтті. Бұл жобаны ел бойынша бүкіл аурухана 2027 жылдың аяғына дейін қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр. Ал кинолог мамандар: «Денсаулық сақтау жүйесіндегі иттердің еңбегі полиция, өрт сөндіру және әскерде қызмет ететін төрт аяқтылармен бірдей бағалануға тиіс», – деп санайды.

Авторы: Зайнұр Байжігіт

Сондай-ақ оқыңыз: