Оңтүстік Корея 1-ші сыныпқа оқушы таппай жатыр

Оңтүстік Корея бірінші сыныпқа баратын бала таппай жатыр. Биыл бұл елде бастауышқа небәрі 301 мыңнан астам оқушы келген. Бұл – кейінгі 60 жылдағы ең төмен көрсеткіш, деп хабарлайды 24KZ.

Жағдай алдағы уақытта да оңалмайды. Қайта қиындай түспек. Келесі жылы мұнда оқушылар саны алғаш рет 300 мыңнан төмендеуі ықтимал. Ал бұрын бұл елде бірінші сыныпқа млн-нан астам бала баратын.

Корея Республикасында мектепке баратын балалар азайып, сыныптар босап барады. Мәселен, әрбір жаңа оқу жылы бала санының азаюымен басталып жатыр. 2026 жылы бірінші сыныпқа 301 мың 442 бала қабылданған. Бұл – 1964 жылдан бері тіркелген ең төмен көрсеткіш. Ал келер жылға болжам одан да төмен. 2027 жылы мектепке баратын бала саны шамамен 270 мың болмақ. 1968 жылғы тарихи көрсеткішпен салыстырғанда, бұл төрт есе аз. Бүгінде кейбір ауылдық мектептерде бір ғана бала оқуға қабылданса, енді бірінде бірінші сыныпқа мүлде оқушы жоқ. Бала туу көрсеткішінің төмендеуі білім жүйесін ғана емес, елдің экономикалық болашағын да алаңдатып отыр.

Бұл сандардың артында тұтас бір ұрпақтың азаюы тұр. Мәселен, 2020 жылы Корея Республикасында 272 мың 337 сәби дүниеге келген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 10 пайызға аз. Дәл осы балалар келесі жылы мектепке баруы керек. Алайда бірінші сыныпқа нақты қабылданатындар саны туу көрсеткішінен де төмен болуы мүмкін. Оған көші-қон, ерте немесе кейінге қалдырылған мектепке қабылдау факторлары әсер етуі мүмкін. Балалар санының азаюы әсіресе ауылдық жерлерде анық байқалады. Канвондо провинциясында биыл 21 мектепке бірінші сыныпқа бір-бірден ғана оқушы қабылданған. Тағы 20 мектепте бірінші сыныпқа бірде-бір бала келмеген.

«Оқушы саны аз шағын мектептерде де мұғалімдердің жалақысы мен ғимаратты күтіп ұстауға кететін негізгі шығындар сақталады. Сондықтан мұндай мектептердің көбеюі мемлекеттік білім беру қаражатын тиімді пайдалануды қиындатып отыр», – Ким Тхэ Хун, Кёнхи университетінің экономика профессоры.

Десе де, мәселе тек мектеп ғимараттарының бос қалуында емес. «Оқушы азайған сайын балалардың өзара араласуы, топпен жұмыс істеуі, пікірталасқа қатысуы да шектеледі», – дейді мамандар. Өйткені үйірмелер мен мәдени шаралардың саны қысқарып, білім алу мүмкіндігі өңірлер арасында алшақтай түсуі ықтимал.

«Оқушы санының аздығы мұғалімдерге пікірталас, топтық жұмыс және дене шынықтыру сабақтарын қызықты етіп ұйымдастыруды қиындатады. Бұған қоса, қосымша сабақтар, үйірмелер мен мәдени іс-шаралар да азаяды», – Кан Сок Джо, бастауыш сынып мұғалімдері кәсіподағының жетекшісі.

Осылайша, демографиялық дағдарыс білімге қолжетімділік мәселесін де ушықтырып отыр. Өйткені оқушы азайған сайын ауылдық жерлердегі білім беру мүмкіндігі шектеле бермек. Мәселен, Солтүстік Кёнсан провинциясындағы шағын орта мектептерде биыл 2-ші сынып оқушыларына 20 пән ұсынылса, Сеулде бұл көрсеткіш 40 пәнге жетеді. Білім алу мүмкіндігіндегі алшақтық астана мен ауыл мектептері арасынан да айқын көріне бастады. Сондықтан тұрғындардың көбі ауылдан қалаға көшуді жөн көреді. Ал бұл өңірлік мектептердің жабылуына әкеп соғады.

«Білім алу мүмкіндіктеріндегі айырмашылыққа байланысты оқушылар мен ата-аналар Сеул және басқа да жағдайы жақсы өңірлерге қоныс аударуға ұмтылуы мүмкін», – Ли Док Нан, Оңтүстік Корея парламентінің зерттеу қызметінің білім және мәдениет тобының жетекшісі.

Мамандардың айтуынша, мәселенің төркіні – жастардың отбасын құруды кейінге қалдырып, бала сүюге асықпауында жатыр. Статистика бойынша 2025 жылы алғаш рет ана атанған әйелдердің орташа жасы 33-тен асады. Демографиялық ахуалға отбасын құру мен бала тәрбиесіне қатысты әлеуметтік-экономикалық жағдайдың ушығуы баспана бағасы, жұмысбастылық, бала күтімі мен білім беру шығындары сияқты факторлар әсер етіп отыр.

Авторы: Арайлым Жақсылыққызы

Сондай-ақ оқыңыз: