Халықтық құрылыс: 6,5 трлн теңгенің жұмсалуын кім бақылайды?

Фото: бейнежазбадан алынған скриншот

Қазақстанда ауқымды құрылыс жобаларына бөлінетін қаржының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету үшін қоғамдық бақылауды күшейту қажет. Тұрғындар құрылыс нысандарының құнын, сапасын және жұмыс барысын бақылауға тікелей қатысуы тиіс. Бұл туралы «Хабар» телеарнасындағы «Даму формуласы» бағдарламасының алғашқы шығарылымында айтылды, деп хабарлайды «24KZ».

 Президенттің биылғы Жолдауында 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялау ұсынылған болатын. Бастама аясында ел өңірлерінде жолдар, медициналық мекемелер, мектептер, спорт және мәдениет нысандарын салу көзделіп отыр. Бағдарламада осы жобаларға бағытталатын 6,5 трлн теңгенің тиімді жұмсалуы, халықтың құрылысқа қатысуы және жаңа нысандардың ел экономикасына ықпалы талқыланды.

 Құрылтай депутаты Айдос Сарымның пікірінше, ауқымды жобалардың табысты жүзеге асуы халықтың белсенділігіне тікелей байланысты. Сондықтан тұрғындар құрылыс жұмыстарының сапасы мен бюджет қаражатының жұмсалуын бақылауға қатысуы қажет.

  Президент өзінің діттеген мақсатын жүзеге асыру үшін халықты барынша кеңінен тартуға ұмтылып отыр. Өйткені бұл жердегі негізгі субъект те, негізгі объект те – халықтың өзі, – деді Айдос Сарым.

 Депутат құрылыс нысандарына арнайы қоғамдық бақылау комиссияларын құруды ұсынды. Оның айтуынша, комиссия құрамына жергілікті тұрғындар мен тиісті сала мамандары тартылып, олар жобаны жоспарлау кезеңінен бастап, құрылыс аяқталғанға дейінгі жұмыстарды қадағалауы тиіс.

 Менің ауламда мектеп салынды ма, жол салынды ма, айналадағы тұрғын білу керек: бұған осыншама миллиард ақша кетті, бұл менің салығымның бір бөлігі осында жатыр, – деді депутат.

 Ал Құрылтай депутаты Ерлан Сайыров халықтық құрылыс бастамасы экономиканың дамуына серпін беріп қана қоймай, жергілікті тұрғындарға жаңа мүмкіндіктер ашуы тиіс екенін атап өтті.

  Бұл құрылыс салынған кезде оның пайдасын тек қана ірі құрылыс компаниялары ғана көріп қана қалмау керек, біздің халқымыз осы құрылысқа араласу керек. Яғни, жаппай жұмыс орындары, жаппай салық базасы және ең негізгісі – сапалы инфрақұрылым, – деді Ерлан Саиров.

 Депутаттың айтуынша, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін елдің энергетикалық әлеуетін де арттыру қажет. Себебі жаңа өндіріс орындары мен әлеуметтік нысандардың салынуы электр энергиясына деген сұранысты ұлғайтады. Осы тұрғыдан алғанда, атом электр станциясының құрылысы ел экономикасының технологиялық дамуына ықпал етуі мүмкін.

 Бізге қазір энергия профициті керек. Өйткені жаңа ғимараттар салынған кезде оларға энергия көзі қажет болады. Атом электр станциясын салудың өзі Қазақстан экономикасын жаңа технологиялық деңгейге жеткізеді. Ол жерде жаңа мамандар пайда болады. Сонымен қатар атом электр станциясы салынатын аймаққа ілеспе салалар арқылы қосымша 2–3 миллиард доллар инвестиция келуі мүмкін, – деді Ерлан Сайыров.

 Бағдарламада ауқымды құрылыстың өңірлердегі жұмыспен қамту мәселесіне ықпалы да сөз болды. Саясаттанушы, қоғам белсендісі Самат Нұртазаның пікірінше, ірі инфрақұрылымдық жобаларға жергілікті тұрғындарды тарту олардың өз өңірінде еңбек етіп, табыс табуына мүмкіндік береді.

 Енді олар Астанаға келмей-ақ, өзінің, мысалы, Атырауында, Өскеменінде, Таразында жол сала бастайды. Сондықтан да мұны бүкіл ұлт болып бір науқан ретінде қабылдауға болады, – деді Самат Нұртаза.

 Ерлан Сайыров өз кезегінде Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы инфрақұрылымдық стандарттарды шағын қалалар мен аудан орталықтарына жеткізу қажеттігін айтты. Оның пікірінше, өңірлерде сапалы жолдар, әлеуметтік нысандар мен заманауи қоғамдық кеңістіктердің пайда болуы халықтың ірі қалаларға көшу қарқынын төмендетуге ықпал етуі мүмкін.

 Сонымен қатар бағдарламада құрылысқа бөлінетін қаражаттың ашықтығын қамтамасыз ету тетіктері талқыланды. Ерлан Сайыров бюджет қаражатының қозғалысын бақылауда цифрлық теңгенің мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануды ұсынды. Оның айтуынша, бұл қаржының қайда және қандай мақсатқа жұмсалғанын қадағалауға мүмкіндік береді.

 Депутат республикалық деңгейдегі мемлекеттік комиссиямен қатар, өңірлерде де құрылыс қарқыны мен сапасын бақылайтын комиссиялар жұмыс істеуі қажет екенін атап өтті.

 Сонда осы жаппай халықтық құрылысқа біз жаппай халықтық бақылау жасай аламыз, – деді Ерлан Сайыров.

Бағдарлама қатысушылары ауқымды құрылыс бастамасының нәтижесі тек салынған нысандар санымен емес, олардың сапасымен, бюджет қаражатының ашық жұмсалуымен және халықтың тұрмыс деңгейіне тигізетін әсерімен бағалануы тиіс деген пікір білдірді.

Сондай-ақ оқыңыз: