Әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға беру керек – Құрылтай депутаттары
Әлеуметтік көмекті тек шын мұқтаж азаматтарға бағыттап, төлемдерді бөлу тетіктерін жетілдіру қажет. Бұл ретте реформаларды бірден жаппай енгізбей, алдымен пилоттық режимде сынақтан өткізу маңызды. Бұл туралы Құрылтай депутаттары Ерлан Сайыров пен Айдос Сарым «Хабар» телеарнасындағы «Даму формуласы» бағдарламасында айтты.
Бағдарламада Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген масылдық мәселесі, әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру және азаматтардың еңбекке деген ынтасын арттыру жолдары талқыланды.
Құрылтай депутаты Ерлан Сайыровтың айтуынша, мемлекеттік көмекті алушылардың қатарында нақты мұқтаж емес азаматтардың да болуы әлеуметтік әділеттілік қағидатына қайшы. Сонымен бірге әлеуметтік жағдайы әртүрлі адамдарды бір санатқа біріктіру де дұрыс емес. Мәселен, ауылдағы жер иеленушілердің табысы мен қаладағы жылжымайтын мүлік иелерінің мүмкіндігін бірдей бағалауға болмайды.
Әлеуметтік көмекті қажет ететін азаматтар ғана алуы керек. Өкінішке қарай, алдыңғы жылдары үкіметтің мұқтаж адамдарға беретін көмегін басқа санаттағы азаматтар да алған. Бұл моральдық тұрғыдан дұрыс емес. Бірақ екінші жағынан, әлеуметтік картаны жасаған кезде кейбір жағдайлар ескерілмей, жұтаң азаматтар байлардың тізіміне кіріп кеткен. Сондықтан әр адамның нақты әлеуметтік жағдайын ескеру қажет, – деді Ерлан Сайыров.
Оның пікірінше, әлеуметтік қолдау тетіктерін қайта қараған кезде өңірлердің ерекшелігін де ескеру керек. Мәселен, ауылдық жерде маусымдық жұмыспен қамтылу басым болғандықтан, жұмыссыздық бойынша көмектің мерзімін қала мен ауылға бірдей белгілеу тиімсіз болуы мүмкін.
Ал Құрылтай депутаты Айдос Сарым әлеуметтік көмекті қайта бөлуге қатысты өзгерістерді кезең-кезеңімен енгізуді қолдайды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы да алдымен нақты санаттардан бастап, жаңа тетіктерді сынақтан өткізуді тапсырған.
Ең алдымен А тобынан бастаңыздар, асықпаңыздар, халықпен ақылдасып отырыңыздар. Алдымен түсінікті, көп опық жемейтін санаттардан бастау керек. Сонымен бірге қазіргі бес санатқа бөлу жүйесін күрделендіріп, оның ішіндегі айырмашылықтарды нақтылау қажет, – деді Айдос Сарым.
Бағдарлама барысында әлеуметтік саладағы заңсыз төлемдер мәселесі де қозғалды. Қатысушылардың айтуынша, кейбір білім беру ұйымдарында балалар іс жүзінде бармаса да, олардың атына жан басына шаққандағы қаржы аударылған жағдайлар кездеседі. Мұндай заңбұзушылықтарды анықтауда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану ұсынылды.
Ерлан Сайыровтың пікірінше, бюджет қаражаты қоғамның бақылауында болуы керек. Ал цифрлық теңге мен жаңа технологиялар әлеуметтік төлемдердің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұл – Қазақстанның бюджеті. Мемлекеттің мұқтаж адамдарға бағытталған қамқорлығы. Оны сол мұқтаж адамдар алуы керек. Сондықтан бюджет әрқашан қоғамның және мемлекеттің бақылауында болуы тиіс, – деді депутат.
Сондай-ақ Айдос Сарым цифрлық экономиканың дамуы азаматтарға смартфонды тек ақпарат тұтыну құралы емес, табыс табудың мүмкіндігі ретінде пайдалануға жол ашатынын атап өтті. Оның сөзінше, маркетплейстер мен жеткізу қызметтері арқылы жұмыс істейтін азаматтардың еңбегін заңдастырып, әлеуметтік және зейнетақы аударымдарымен қамтамасыз ету де маңызды.
Осылайша, бағдарламаға қатысушылар әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіруде екі мәселені қатар ескеру қажеттігін айтты: мемлекеттік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға жеткізу және еңбек етуге ынталы адамдарға экономикалық мүмкіндік жасау.