Талдықорғандағы жылу қазандығында жарылыс болды
Талдықорғандағы №17 жылыту қазандығында жарылыс болды.
Салдарынан мекеме ғимараты мен пеші бүлінді. Тұрғындар зардап шеккен жоқ. 2020 жылы жаңғыртылып көгілдір отынға қосылған қазандық арқылы 70-тен астам көп қабатты және 112 жер үй жылытылады. Сонымен бірге 8 мемлекеттік мекеме мен 97 бизнес және өзге де орталықтар жылумен қамтамассыз етіледі. Қазір аталған нысандарға насосты станциялар арқылы жылу беріліп жатыр. Арнайы құрылған комиссия жарылыстың неден туындағанын анықтайтын болады. Мамандар апат орнын тазалап, қосымша пешті іске қосты.
Әсет Масабаев, Талдықорған қаласының әкімі:
- Қазіргі таңда бізде қалада 10 қазандық бар. Оның ішіндегі бесеуін біз газға ауыстырғанбыз. Қалған бесеуі көмірмен жасап жатыр. Бұдан бөлек мектептердің өз қазандығы бар. Ауруханалардың кейбіреуінің өз қазандығы бар. Бәрі қалыпты деңгейде жұмыс істеп жатыр. Жылумен қамтамассыз ету толыққанды жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, қаладағы жылу жүйесінің 62 проценті ескірген. Қала әкімі Әсет Масабаевтың айтуынша құбырлар мен жылыту қазандықтарын жаңғырту үшін бес жылдық жоспар жасалған. Соған сәйкес ауыстыру жөндеу жұмыстары жүргізіледі.