Ауыл шаруашылығында оң өзгерістер байқалады
Былтыр ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 9%-ке артып, 9,3 трлн теңгені құрады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Атап айтсақ, өткен жылдың ішінде 23 млн тоннаға жуық дәнді-дақылдар бастырылған. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 39%-ке артық. Жиналған бидайдың да көлемі артып, 17 млн тоннаға жетті.
Айта кетейік, жиналған астықтың 80%-тен астамының сапасы жоғары. Мал шаруашылығының да жағдайы біршама жақсарған. Қазір елдегі ірі қара мал басы 8 млн-нан асты, ал қой 19 млн, жылқы 3,7 млн, түйе 254 мыңға жетті. Сондай-ақ 50 млн-ға жуық құс бар. Осының әсерінен елдегі ет және жұмыртқа сұранысы толық қамтамасыз етілді, ал құс еті бойынша соңғы 3 жылда импортқа тәуелділік 51%-тен 35%-ке дейін төмендеді.
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Өңделген өнім өндірісінің көлемін ұлғайту және отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосылған құнын арттыру мақсатында жаңа өңдеу кәсіпорындарын салуды, жұмыс істеп тұрғандарын жаңғыртуды және жете жүктеуді көздейтін шаралар кешені іске асырылатын болады. 2023 жылы республика бойынша қуаттылығы жылына 50 мың тонна ет шығаратын 7 ет өңдеу жобасын іске қосу жоспарлануда. Бұдан басқа, жалпы қуаттылығы жылына 25 мың тонна сүт өндіретін сүт зауыттарын жаңғырту бойынша 5 жоба жоспарлануда.