Елордалықтар шетелдік темір тұлпарларын тіркей бастады
Бүгін шетелден әкелінген көліктерді заңдастыру басталды. Бір ерекшелігі, утилизация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемі 200-250 мың теңгеден аспайды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Тиісті тапсырманы Президент былтыр өз Жолдауында жүктеген болатын. Бұл – 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген көліктерге ғана қатысты шара.
Елордада алғаш болып көлігін жаңа тәртіпке сай тіркегендердің бірі – Ардақ Асқар. Айтуынша, ресейлік нөмір таққан көлікті Қазақстанда сатып алған. Темір тұлпарын заңдастыруға шамамен 2 сағат жұмсадым, - дейді жүргізуші.
Ардақ Асқаров, қала тұрғыны:
- Негізі ешқандай қиыншылық жоқ. 4 құжат болу керек. Ол – жеке куәлік, сату-сатып алу туралы келісімшарт, тіркеу туралы куәлік, СТС. Негізі бүгін келемін деп ойлаған жоқпын. Қалай болып жатқанын жай көріп кетемін деген едім. Сосын 1 аптадан кейін келсең болады деді. Енді бәрін өтіп шықтым.
Ардақ тізгіндеген көлік 2011 жылғы екен. Бұндай автомобильді экологиялық талаптар бойынша Қазақстанда заңдастыруға болмайды. Бірақ елімізге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін кіргізілген көліктерді легализациялау науқанында бұндай шектеулер алып тасталған. Дегенмен көліктердің барлығына бірден қазақстандық нөмір беріле бермейді. Ол үшін темір тұлпар іздеуде болмауы тиіс, өзге мемлекеттен есептен шығарылып, кедендік бақылаудан толық өтуі қажет. Көлікті заңдастыру үшін алғашқы тіркеу, техникалық паспорт үшін баж салығын және мемлекеттік нөмір алу үшін тиісті алымдарды төлеу міндеттеледі. Ал өтінішті egov-порталы арқылы онлайн түрде немесе мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына келіп беруге болады.
Шетелдік көлікті тіркеу тәртібі
- 01.09.2022 ЖЫЛҒА ДЕЙІН ӘКЕЛУ;
- Іздеуде болмау;
- Өзге мемлекеттен есептен шығару;
- Кедендік бақылаудан өту (Қырғызстан мен ЕЭО кірмейтін елдер үшін)
Заңдастыру үшін алынатын төлем:
Алғашқы тіркеу – 200 мың теңге;
Техникалық паспорт – 4 мың 313 теңге;
Мемлекеттік нөмір – 9 мың 660 теңге.))
Бауыржан Тоқжұманов, Астана қаласы ПД ӘПБ бөлім бастығы:
- Құжаттар тапсырылғаннан кейін шамамен жарты сағат, 1 сағаттың ішінде қаралады. Шағымдарынан қарағаннан кейін азаматтарға СМС хабарлама келеді.Яғни, автокөлікті заңдастыруға болады. Автокөлікті салыстыруға әкелсін дейді. Яғни, кузовтың нөмірін қарайды, ВИН кодын қарайды. Егер бәрі сәйкес келетін жағдайда азамат қайтадан мамандандырылған ХҚКО келіп, 200 мың теңгені төлегеннен кейін ғана автокөлік ҚР мемлекеттік тіркеу нөмірін алады, өзінің құжатын алады.
СМС хабарламада бәріне бірдей өтініш мақұлданды деп келе бермейді. Белгілі бір шектеулер болғандықтан, жүргізушілер ішкі істер органдарына тікелей жүгіне алады. Жалпы Әкімшілік полиция басқармасы өкілдерінің айтуынша, өтініш бергендердің саны түске қарай 100-ден асқан.
- Естіп жатырмыз, кедендік тазарту жоқ болғаннан кейін рұқсат келмей жатыр. Тағы да естіп жатырмыз, кедендік салық үшін 88 мың төлеу керек деген сыбыс бар. Бірақ әлі нақты білмеймін. Өз басым әлі кезекте тұрмын.
- Жақсы, бірден тексеріп қойды. База барлығы істеп тұр.
Жалпы ел аумағына 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген көліктерді заңдастыру науқаны шілденің 1-не дейін жалғасады. Кейін темір тұлпарларды легализациялау бұрынғы тәртіп бойынша жүргізіледі.
Авторлары: Риат Шони, Диас Қобыланбаев.