Түркістан облысында 9 көлік мемлекеттік нөмір алды
Ал Түркістан облысында шетелдік көліктерді рәсімдеудің алғашқы күнінде 500-ден астам тұрғын өтініш берді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Олардың ішінде талапқа сай келген 9 көлік мемлекеттік нөмір алды. Мамандар темір тұлпарын заңдастыруға ниет танытқандардың басым бөлігі ресейлік Нексия автокөлігін тізгіндегенін айтады. Өйткені облыс аумағында көрші елден әкелінген арзан көлікті мінетін жүргізушілер өте көп. Өңірде автокөлікті рәсімдеу 3 жерде өткізілуде. Түркістан қаласы мен Сайрам және Сарыағаш аудандарындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері жүргізушілердің құжатын қабылдап жатыр.
Әбдірашим Миркаймов, қала тұрғыны:
- Легализация бойынша ресейлік нөмірдегі автокөлікті рәсімдеп, заңды түрде қазақстандық мемлекеттік нөмір алып, техпаспорт алдым. 2 сағаттың ішінде тірліктің бәрі бітті.
Алмасбек Тастанбеков, облыстық ПД басқарма басшысы:
- 2022 жылы біздің облыстың азаматтарымен шетел көліктерін басқарып, 20 мыңға жуық құқық бұзушылық анықталды. Яғни, біздің 20 мыңға жуық азаматымыз осындай көлік айдап жүр деген болжамымыз бар. 1 шілдеге дейін уақыт берілген, азаматтарымыз осы уақытқа дейін тіркелуге міндеттеліп отыр. Құжаттарын жүйеге салып көреміз, егер мақұлданса, тіркейді.