Төтенше жағдай кезіндегі маңызды 10 қадам

Алматыда жер сілкінісі бола қалған жағдайда зардап шеккен адамдарды қабылдайтын 384 пункт жұмыс істейді.

Олардың орналасатын жерлерін тұрғындар картадан немесе ресми сайттардан көре алады. Қалада жаттығулар тұрақты өтіп тұрады. Сондай сейсмикалық жаттығу университтердің бірінде ұйымдастырылды. Құтқарушылар студенттерге апат кезіндегі алғашқы қадамдарды түсіндірді.

Дабыл қағылғаннан кейін оқу ғимаратының 24 есігі ашылып, студенттер мен қызметкерлер қауіпсіз жерге шықты. Шартты түрдегі зілзалдан кейін нысан ішінде қалғандарды құтқарып, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдері пысықталды. Әрмен қарай, қысқа тұйықталудан болған өрт сөндірілді.

Тұрсынбек Төреханов, Университеттің азаматтық қорғау штабының әскери-мобилизациялық бөлімінің аға үйлестірушісі:

- Біз төтенше жағдайға қарсы оқу-жаттығуды тоқсан сайын өтізіп тұрамыз. Мысалы, өрт бола қалса оқу ғимаратында 220 өрт түтігі бар. Әрқайсысының салмағы 10 келі болатын 440 өрт сөндіру баллоны бар. Біздегі қауіпсіз орын ретінде оқу ғимаратының ішкі алаңы белгіленген.

Жаттығу соңында студенттерге төтенше жағдай кезіндегі маңызды 10 қадам жазылған ақпараттық қағаз таратылды. Онда ең бірінші сабыр сақтау керектігі айтылады. Себебі, үрей одан бетер қиындық тудырады. Лифт пен баспалдақты қолдануға болмайды. Шығар кезде газ, электр жарығын өшіріп кеткен дұрыс. 3,5 мыңнан аса студенті бар бұл университ үшін осындай оқу-жиындарының пайдасы көп.

Блиц:

- Негізі жазық жаққа бару керек, ғимараттан тез-тез шығып кету керек. Мүмкіндігінше ағаштардың арасына тұрудың қажеті жоқ.

- Егер де ғимараттың ішінде болсақ, шығуға мүмкіндік болмаған жағдайда жаңағы арка немесе төбесі бар жерлерге сақтану керек, немесе төбесі жабылатын заттардың астына тығылу керек. 

Бірнеше жыл бұрын Алматыда зілзаладан зардап шеккендерді қабылдайтын 220 пункт болған. Биыл олардың саны 384-ке жетті. Қала халқы көбейген сайын, осындай орындардың саны да артып тұрады. Көмек беру пунктері балабақша, мектеп пен университет аумағында орналасады. Онда мұқтаждар тіркеліп, уақытша паналайды. Алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ыстық ас беріледі. Содан кейін тұрғындар автобус немесе темір жол арқылы қаланың сыртындағы қауіпсіз аймаққа жіберіледі.

Сандуғаш Баймұхамбетова, қалалық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының офицері:

- 2гис платформасына «Зардап шеккен адамдарға арналған пункт» деп енгізіп, оны алдын ала біліп, жазып қою керек, түртіп қою керек. 20/33- Неліктен? Өйткені, төтенше жағдай орын алған кезде табиғи немесе техногендік, ол жерде байланыс болмауы мүмкін немесе ұялы телефондар істен шығып, қуаттары отырып қалуы мүмкін смартфонда.

Сондай-ақ, қабылдау пунктері орналасатын жерлерді Алматы әкімдігінің және Төтенше жағдайлар департаментінің сайтынан көруге болады. Қала үйлерінің қабырғаларына QR-кодтарды ілу де жоспарланған. Кодты сканерлеп эвакуациялық жолды көре аласыз. Алматы сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқандықтан қалада арнайы жаттығулар тұрақты өтіп тұрады. Мұндай іс-шаралар құтқарушылар үшін де, тұрғындар үшін де маңызды. Сейсмология институтының мамандары қазіргі уақытта Алматыдағы сейсмикалық жағдай тұрақты екенін айтты.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов