Алматылық ұстаз сабақты ТикТок арқылы оқытады
Тарих пәнінен беретін Саян Өмірзақ дәрісте әлеуметтік желідегі трендтерді қолданады, деп хабарлайды 24kz.
Мерей Қанапия, тілші:
- Саян Өмірзақтың ұстаздық қызметте жүргеніне 8 жылдай болған. Қазір білім орталықтарының бірінде тарих пәнінен онлайн сабақ береді. Ол соңғы 3 жылдан бері ТикТок-тағы трендтерді пайдаланып, оқушыларға жаңаша білім беруді әдетке айналдырған.
Саян Өмірзақ, ұстаз:
- Оларға оңай түсіндіру үшін әрбір сабақтан кейін өздерінің тілдерінде оңай жеткізу үшін әлеуметтік желілерді қолдана бастадым. Өзім әлеуметтік желілерде көп отырамын. Трендтерді көрген кезде менің ойыма бірден мынаған Абылай ханды, мынаған Хақназар хан туралы түсіруге келеді екен ғой деп ойланам. Соны түсіремін әрі қарай оқушыларға көрсетемін. Оқушылар оған қызығып, жаттап алады. Енді қазіргі балалардың барлығы Z ұрпақ, альфа ұрпақ деп айтамыз. Олардың барлығы цифрлы технологияға бейімделген.
Қазір Саянның ТикТок-тағы парақшасына 11 мыңнан астам оқырман жазылған. Басым бөлігі мектеп оқушылары. Оның әр видеосы 100 мың мен 1 млн аралығында қаралым жинайды. «Сондықтан ол әрі қарай да пайдалы контент түсіруді жалғастыра беремін», - дейді.
Саян Өмірзақ, ұстаз:
- 4 жылдан кейін 140 балл иегері шықты. Сол менің оқушым болатын. Менде қатарынан 2 жыл оқыды. Қазақстан тарихынан 20/20 алды. Жалпы 140 балл иегері атанған Жаннұр Еңсебек сол менің оқушым болатын. Бұл трендтердің барлығы ол оқушыға да жіберілді. Пайдасы тиді деп ойлаймын.
Бүгінде Саян Өмірзақтың шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде университеттерде грантта оқып жатыр. Олардың арасында Астанадағы ЖОО-ға түскен Қуаныш Мұхамеджан мен Көркем Құдайберген бар.
Қуаныш Мұхамеджан, студент:
- Кітап оқыған кезде миымыз түсініп тұрады. Яғни оқып жатырсың, қазір қиналасың деген сияқты. Ал ТикТок көргенде өзімізге дағдылы болып кеткен. Көп нәрсені есімізде сақтап қала аламыз. Яғни бізге жеңіл мәлімет сияқты беріледі. Сол арқылы миды алдаймыз, «о мынау жеңіл мәлімет екен, мен оны қорытып, өзіме ала аламын» деген сияқты.
Көркем Құдайберген, студент:
- Мен ҰБТ-да 140 балдан 130 балл жинадым. Соның ішінде тарихтан 19 жинадым. Бір сұрақ апелляциялық сұрақ болған болатын. Қазіргі жастар көбіне телефонда отырады ғой. Сол телефон арқылы оқушыларды тек жаман нәрселерге емес, осындай пайдалы жаққа ұмтылдырсақ, одан да жақсы болады деп ойлаймын.
«Креативті, озық ойлы ұстаз – заман талабы. Егер сол ағымға ілесе алмасаң, оқушыларға сабақ оқыту, білім беру де қиындай түседі», - деп санайды Саян Өмірзақ.
Авторлары: Мерей Қанапия, Ғалымжан Абдулахат