2026 жылы 100 млн тонна мұнай өндірілмек

Еліміз 2026 жылдан бастап 100 млн тоннадан астам мұнай өндіруді көздеп отыр. Мұны Энергетика министрі бүгінгі Үкімет сағатында мәлім етті. Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, бұл межеге ірі жобаларды жүзеге асыру есебінен жетуге болады. Бір ғана «Теңізшевройл», мұнай өндіруді жылына 12 миллион тоннаға арттыруды қамтамасыз ете алады. Қазір Қашаған мен Қарашығанақта газ өңдеу зауыттары салынып жатыр. Бұдан бөлек, Шымкент, Павлодар және Атыраудағы мұнай өңдеу зауыттарының қуатын арттыру көзделіп отыр. Сол арқылы бензинге, авиациялық және дизельдік отынға деген нарық сұранысын 2035 жылға дейін қамтуға болады. «Ал артық жанар-жағармайды экспорттауға мүмкіндік туады», – дейді министр.

Жалпы жыл басынан бері елдегі мұнай өндіру көлемі 11 миллион тоннаға жетті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 14,5 миллион тоннаға жетеді деп болжанып отыр.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

- Мұнай-газ саласы тұрақты экономикалық дамудың негізгі драйверлерінің бірі саналады. Бүгінгі салада 1300-ден астам кәсіпорында 220 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Жалпы ішкі өнім құрылымында мұнай-газ саласындағы үлесі шамамен 16%-ті құрайды және ел бюджетіне түсетін түсімдердің 28%-тен астамын және экономикаға инвестицияның 15%-тен астамын қамтамасыз етеді.

Биыл сондай-ақ министрлік жер қойнауын пайдалану бойынша 13 құжаттың күшін жойды. Осыған байланысты учаскелер қайтадан бәссаудаға шығарылады. Келесі аукцион 27 қарашада 9 учаске бойынша өтеді. Оның ішінде сегізі геологиялық барлауға, қалған біреуі өндіру жұмыстарына арналған. Былтыр ведомство құны 14 млрд теңгеге тең 141 ескерту жіберіп, қазіргі уақытта оның 2,4 млрд теңгесі ғана өтелді.