Еліміздегі су тасқыны қаупі бар жерлер қатаң күзетіледі
Елде шамамен 390-нан астам жол учаскесін су басуы мүмкін.
Штаттан тыс жағдайларды болдырмау мақсатында «ҚазАвтоЖол» мамандары қауіпті жерлерді тәулік бойы күзетуге кірісті. Наурыз айының басында елдің солтүстігі мен орталық өңірлерінде қар аралас жаңбыр көп жауады дейді мамандар. Бұл жығылғанға жұдырық болуы ықтимал. Осы қауіптің алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан өзгеде жұмыс жайлы Дәуренбек Бағдәулетұлы айтып берсін.
Елдегі республикалық жолдың 70-ке жуық көпірі мен 770 су өткізгіш құбыры бас-аяғы 396 учаске алдағы уақытта ағын судың астында қалуы мүмкін. Қауіп әсіресе ШҚО, СҚО, Қостанай мен Алматы облыстарының шекарасындағы жолдарда күшейіп тұр. Осы жағдайға дайындық ретінде 700 техника мен 1100 жол жұмысшысы алдын ала дайындалған.
Ләззат Стамғазиева, "Қазавтожол" Ұлттық компаниясының ресми өкілі
- Су басудың алдын алу үшін су өткізгіш құбырлар бар ғой, олар жолдың астында жоба бойынша қарастырылған. Ең бірінші орында соларды қар мен мұздан тазарту керек. Сонымен қатар инертті материалдар бар. Қазіргі уақытта олар 100 пайызға дайындалды. Су өткізгіш құбырлар ол өңірге байланысты, мәселен Ақмоладан осы бүгіннен бастап тазалауымыз керек. Ал алматы облыстары жылы ғой, онда 1 ай бұрын басталып кеткен болатын.
Өкінішке қарай, ауа райы да қолайсыз болмақ. Ұзақ мерзімді күн райын болжау нәтижесіне сүйенсек, наурыз айында еліміздің басым бөлігінде күн нормадан жылы болады. Ал айдың екінші бөлігінде жаңбырға ұласқан қар жаууы ықтимал көрінеді.
Жұлдыз Исабекова, «Қазгидромет» РМК-ның ауа райын ұзақ мерзімді болжау басқармасының басшысы:
- Наурыз айында ауа райы нормадан 1 градусқа жылы болады. Айдың басында қар мен жаңбыр жауатын болады. Оның соңы көк тайғаққа ұласады. Ал елдің оңтүстік бөлігі айдың екінші жартысынан бастап 13-15 градусқа дейін күрт жылынады. Айдың екінші жартысынан бастап елдің басым бөлігінде күн жылынады. Деседле тұрақсыз ауа-райы сақталады.
Атап өткен жөн, Қазір қауіпті учаскелерді патрульдеу тәулік бойы жүргізіліп отыр. Қауіпті кезеңге 700 техника мен 1100 жол жұмысшысы дайындалған. Мамандар бұл күш көктемді қауіпсіз еңсеруге жетеді деп сендірді.
Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақамбаев