Алматыда Сайран көлінің аумағы абаттандырылады
Алматыда Сайран көлінің түбін механикалық тазалау әлі жалғасып жатыр.
Мамандар 28 тонна тұрмыстық қатты қалдықтар мен 142 мың текше метр лай шөгінділерін шығарды. «Жалпы, көлдің 162 000 шаршы метр аумағы тазартылады. Осылайша судың табиғи айналымы қалпына келтіріліп қана қоймай, су қоймасының экологиялық тепе-теңдігі сақталатын биологиялық процестер де іске қосылады», - дейді мамандар. Тазалау жұмыстары мамыр айының соңына дейін жүреді. Бірақ, әзір көлге су жіберілмейді. Себебі, тамыз айында көлдің айналасын абаттандыру жұмыстары басталады.
Есбол Әбділдәбекұлы, қалалық Экология және қоршаған орта басқармасының бас маманы:
- Солтүстік және оңтүстік жағында үлкен өзгерістер болады. Солтүстік жағында жасыл желекті көбейту мәселесі. Төле би көшесі бойында техниканың дыбысы, басқа сасық иістерді халыққа келтірмеу мәселесін ойластырып жатыр. Абаттандыру жұмысы солтүстік жағынан бастаймыз. Содан кейін оңтүстік жағы. Шығыс пен батыс жағын кейін қарастырамыз.