Қай валюта жалған ақша айналымында көп қолданылады?

Ауырдың асты, жеңілдің үстімен жүріп, оңай олжаға кенелеуді көксейтіндердің кәсібі – жалған ақша жасау.

Электронды төлемдердің белсенді дамуына қарамастан, әлемдегі адамдардың шамамен 28%-і әлі-де қағаз ақшаны пайдаланады.

Әр валютаның түсі, бедері, сутаңбасы, айрықша белгілері бола тұра, аса дәлдікпен қайталайтындар көп.

Қытайдың юані, Үндістанның рупиі, АҚШ-тың доллары, мексикалық песо халықаралық банкнот қауымдастығының рейтингі бойынша жалған ақша айналымында көп қолданылатын валюталар. Ал, еуро, өзіміздің теңге, швейцариялық франк, ағылшын фунты мен Австралия доллары ең жақсы қорғалған валюта ретінде аталды. Еуро 1 әріп, 11 сан қолданылуымен ерекшеленсе, теңгені қорғайтын 17 арнайы белгісі бар. Швейцариялық франкте 18 құпия белгі бар. Ал, ағылшын фунті мен австралиялық доллар өзінің полимерлі қағаздан жасалуымен ерекшеленеді.

 

Германияда жалған ақша жасаушы алаяқтар көбейді

Әлемдегі ең қорғалған валюталардың бірі – еуро деп айттым. Алайда, кейінгі жылдары Германияда оңай олжаға кенелгісі келетіндер көбейді. Неміс ұлттық банкінің дерегіне сәйкес, былтыр құны 5 млн-ға тең жалған ақша тәркіленген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 28,2%-ке өсіп, 95 мың данаға жеткен. Бұл көрсеткішті 2015 жылмен салыстырсақ, едәуір көп. Ол кезде 56 мың 600 дана жалған ақша шығарылған.

Буркхард Бальц, Бундесбанктің атқарушы кеңесінің мүшесі:

- Қылмыстық әрекет кезінде тәркіленген жалған ақшалардың 38%-і 50 еуролық купюралар. Бұл дегеніміз, ең көп шығарылғандары. Жалпы өткен жылдармен салыстырсақ, қылмыс көбеймесе, азайған жоқ.

Жалпы немістер ақшасын жеке шотта емес, қолма-қол ұстағанды тәуір көретін халық. Бундесбанктің мәліметі бойынша халықтың 60%-і, төлемдерді қолма-қол жасайды. Орташа есеппен әр неміс әмиянында шамамен 100 еуро алып жүреді. Кейбіреулер әлі күнге дейін ескі неміс маркаларын сақтайды. 

 

Жалған ақша жасау қылмыс

Еуроға қатысты тағы бір қылмыс.Тақауда ғана, Италияның Неаполь қаласында жалған ақша жасаған адам ұсталған болатын. Күдікті жалпы сомасы 11 млн еуроға жететін ақша купюраларын жасап шыққан. Еуропа полициясы келтірген мәлімет бойынша қолға түскен ер адам жасанды банкноттарды заңсыз типографияда шығарып келген. Қызметі әшкере болғаннан кейін жасырын баспахана толығымен бұзылып, 3 млн еуро тәркіленді. Тергеу нұсқасы бойынша 2023 жылы анықталған жалған еуро банкноталарының 27%-і, яғни 8 млн еуро дәл осы күдіктінің қолымен жасалған.

Жалған ақша жасау –халықаралық деңгейдегі қылмыс түріне жатады. Онымен күрес 1929 жылы Женевада қабылданған жалған ақша белгілерін жасаумен күрес жөніндегі халықаралық конвенцияға сәйкес жүргізіледі. Осы құжатқа сәйкес қатысушы мемлекеттер жалған ақша жасаумен күресте қылмыскерлерді бірдей қатаңдықпен жазалауға міндеттеме алды. Яғни, құқық бұзғаны үшін 5 жылдан 10 жылға бас бостандығынан айыру көзделген. Оны, Интерпол – халықаралық үкіметаралық қылмыстық полиция ұйымы қадағалайды.

 

Шын ақшаны жалған ақшадан айырудың айрықша белгілері

Көп нәрсе ақшаға кеп тірелгенде: «Ақша деген қағаз ғой, неге көп қылып шығармасқа?!» дегенді жиі айтамыз. Алайда, ақша қағаздан жасалмайды. Мәселен, америкалық доллардың 4-тен 3 бөлігі мақтадан, 4-тен бір бөлігі зығырдан тұрады. Сондықтан ақша басып шығаратын қағазды rag paper, яғни, «шүберек қағаз» деп атайды. Жалған ақша жасаудың жолын кесу үшін әлемде көптеген ел түсі құбылмалы бояуды да кеңінен пайдаланады. Мұндай бояу жарықты әртүрлі түске шағылыстырып, банкноттың түсін өзгертеді. Әмияныңызда қолма-қол ақша болса қарап көріңіз, ұлттық валютамызда көгершіннің түсі әртүрлі бұрыштан қараған кезде алтын түстен жасыл түске өзгереді.