«Ауыл – ел бесігі» жобасы: Атырау облысында 40 ауыл жаңғыртылады
Атырау облысына қарасты Қызылқоға ауданы Мұқыр ауылындағы орталық саябаққа күрделі жөндеу жұмыстары басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бұған 100 миллион теңге бөлінген. Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес Қазақстанда 3,5 мың елді мекен жаңғыртылады. Атырау облысы бойынша бұл бағдарламаға 40 ауыл мен 2 кент енді.
Мұқыр ауылындағы «Жеңіс» саябағының бой көтергеніне биыл 40 жылдан асқан екен. Бірақ соңғы жылдары күтімсіз қалған демалыс орны азып, талдары қурап, тақтайшалары тозып біткен еді. Биыл мемлекеттік бағдарлама негізінде 100 млн теңге қаражат қаралып, жаңарған жақсы саябақ бой көтеретін болды.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Ауылдықтар асыға күтіп жүрген «Жеңіс саябағы» жастарға да, жасамыстарға да демалатын орынға айналатыны сөзсіз. Мысалы, мына көріп тұрған алаңқай – болашақ концерттік сахнаның орны. Және осы араның барлығына ересектер үшін орындықтар қойылады. Ал мынадай ескі ағаштар алынып, орнына жеміс көшеттері отырғызылады деп жоспарланған.
Нұрболат Бекжанов, мердігер мекеменің жетекшісі:
- Аумағы 60х70 шаршы метр болады. Ішінде тұрғындарға арналған орындықтар болады. Балалар алаңы, жалпы аумағы 2400 шаршы метр «брусчатка» болады Ортасы қиыршық таспен көмкеріледі. Бұл жұмыстың басталғанына 15 күн, тамыз айында аяқталады деген жоспар бар.
Ауылда басталған игі бастамаға алдымен ақсақалдар разы. Олар соғыс сұрапылына ауылдан аттанған жүздеген боздақты еске алатын орынның жаңарғанын жақысылыққа жорып отыр.
Ақниет Сахиев, ауыл тұрғыны:
- Осы саябақты орнатқаннан кейін осының жан-жағы құлпырып тұрғанын жақсы көретін едік. Олардың қайда қалғаны да белгісіз. Бұл тек сол өлі аруақтарды еске алу үшін бүгінгі ұрпаққа парыз еді ғой. Сондықтан қатты қуанып тұрмыз.
Мұқыр ауылдық округінің құрамында 6 елді мекен бар. Олардың барлығы таза суыз сумен, табиғи газбен қамтылған. 5 мыңға тарта тұрғын қоныстанған ауылдардың басқа да әлеуметтік проблемалары біртіндеп шешімін тауып келеді.
Азамат Жақсиев, Мұқыр ауылдық округінің әкімі:
- Бала санының көбеюіне байланысты 160 орындлық балабақша салу жоспарға енгізілді. Жері белгіленді. Біздің ауылдық окруігіміз Ақтөбе-Атырау-Астрахань тасжолында орналасқан. Қазіргі таңда Кенбай ауылында ауылішілік жол құрылысы жүрігізіліп жатыр. Сонымен қатар Мұқырда 10 шақырым ауылішілік жол жүргізіледі.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Атырау облысы бойынша 40 ауылды жаңғырту жобасы қабылданған болатын. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 5,8 млрд теңге бөлініп, 22 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Биыл оның 16-сы жүзеге асады.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин.